«КҮМІС ДОМБЫРА» НҰРМАХАНҒА БҰЙЫРДЫ

Шымкентте жас ақындар арасында республикалық «Күміс домбыра» айтысы өтті. Елімізде алғаш рет өткізіліп жатқан бұл шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Айтыста жас ақындар Тәуелсіздіктің 30 жылдығында жеткен жетістіктеріміз туралы айшықты шумақтардан жыр төкті. Шараның мақсаты да сол еді. Тек егемен ел болғаннан бастап қол жеткізген еңселі тірліктерді айтып қана қоймай, айтыс өнерінде шын таланттарды тағы бір анықтап, олардың дарынын қолдау болатын.
Айтысқа 14 пен 29 жасқа дейінгі 30 айтыскер ақын қатысуға ниет білдіріп, іріктеу нәтижесі бойынша 16 ақын өзара бақ сынады. Қатысушыларға белгілі айтыскер ақындар мен елімізге танымал қоғам белсенділері өз бағасын беріп, қазылық етті.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов жеңімпаздарды құттықтап, бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Сайыс нәтижесі бойынша Ақмола облысынан келген жас ақын Нұрмахан Жақыпбек бас жүлдеге ие болды. Кіл таланттардың ішінен оза шапқан жеңімпазға күмістен жасалған домбыра және бағалы сыйлық тарту етілді.
Ал Шығыс Қазақстан облысынан келген Айшолпан Төлеутай бірінші орынға ие болса, қызылордалық Бексұлтан Орынбасаров екінші, Түркістан облысынан қатысқан Мейіржан Жақып пен шымкенттік Нұрғали Әнапия үшінші орынды жеңіп алды.
Сонымен қатар «Майлықожа Сұлтанқожаұлы» атындағы арнайы жүлде Алматы қаласынан келген Бекжан Базарбекке, «Әселхан Қалыбекова» атындағы арнайы жүлде елордалық Айым Асылбекқызына бұйырды. Барлық жеңімпаздарға сыйлықтар табыс етілді.