ҚОЛЫ ҚИМЫЛДАҒАННЫҢ АУЗЫ ҚИМЫЛДАЙДЫ
Шымкентте жыл басынан бері «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 600 азамат 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізген. Солардың бірі – Шынар Сарыбаева. Ол көпбалалы ана ретінде атаулы әлеуметтік көмек алады. Бірақ мемлекеттен берілетін көмек-жәрдемге қарап қалмай, өз бетінше кәсіп ашуды көптен бері мақсат етіп жүреді. Осы мақсатта «Еңбек» бағдарламасы бойынша жеке бизнес ашу туралы ойға тоқтайды.
Сөйтіп, мемлекет ұсынған мүмкіндікті тиімді пайдалану мақсатында биыл наурыз айында 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грантқа «тігін ісі» бойынша өтініш береді. Оның бизнес жобасын арнайы құрылған комиссия мақұлдайды.
Осылайша ол көлікке арналған орындық қаптарын тігу ісіне қойып кетеді. Өз кезегінде 26 жастағы шынашақтай келіншек «Қолымыздан келген мүмкіндікті пайдаланып, мемлекеттен қолдау тапқаныма қуаныштымын. Отбасымның әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында жеке кәсібімізбен айналысып келеміз. Ең бастысы тапсырыс жасаушылардың көңілінен шығады»,-дейді.
Былтыр дәл осы «Еңбек» бағдарламасы аясында 4828 адам жеке бизнесін ашу үшін мемлекеттік грантқа қол жеткізген. Оның 407-сі көпбалалы отбасы мүшелеріне табысталса, 2122-сі аз қамтамасыз етілген отбасыларға, 29-ы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, 1075-і жастарға және 1195-і өзге санаттағыларға берілген.