ШЫМКЕНТ ЖОБАЛАРДЫ СУБСИДИЯЛАУ БОЙЫНША ЕКІНШІ ОРЫНДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты осы жылғы Жолдауында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Оны жүзеге асыру барысында  3,5  мыңнан астам жоба іске қосылды. Сондай-ақ, 70 мың жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 триллион теңге болды. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында 66  мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты.   

Бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізді. Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастама экономикаға айтарлықтай әсер етті. Ең бастысы, оның әлеуметтік ықпалы айрықша болды. Осы шараның арқасында миллионнан астам азаматымыз тұрғын-үй жағдайын жақсартты. Кейбірі ипотекалық қарызын азайтты. Жалпы экономикалық дамуымызда оң үрдіс бар екені сөзсіз. Алайда, бүгінгі ахуалдың әлі де күрделі екенін ашық айтуымыз керек. Сондықтан, мен «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға ұластыру туралы шешім қабылдадым. Бұл мақсатқа бөлінетін қаржының жалпы көлемі кемінде бір триллион теңге болады»,-деген болатын.
Қарапайым заттар экономикасын дамыту – бұл ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру, бәсекеге қабілетті өндірістер құру. Ең бастысы импортты отандық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен алмастыру.
Қала әкімінің орынбасары Айбек Саттыбаев Шымкент қаласында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 50,6 млрд. теңге болатын 65 жоба қаржыландырылғанын айтты. Осының нәтижесінде мыңнан аса жұмыс орны ашылған.
Оның айтуынша, қалада биыл аталған бағдарлама бойынша 80 жобаның банк несиелерін субсидиялау және 20 жобаны кепілдендіру жоспарланып, бұл мақсатқа 83,4 млрд. теңге қаржы қаралған. Бағдарламаға қатысуға 84 кәсіпорын өтінім білдірген. Оның ішінде бүгінде 65 жоба қаржыландырылса, қазір екінші деңгейдегі банктерде 4,2 млрд. теңге сомасындағы тағы бес жоба қарастырылуда.
Қала әкімінің орынбасары Айбек Саттыбаев Шымкент қаласы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жобаларды субсидиялау бойынша Алматыдан кейін екінші орында екенін айтты.
Сонымен бірге ол екі ай бұрын осы бағдарламаға түзетулер енгізіліп, онда қолдауға жататын басым қызмет түрлері мен тауарларды кеңейту, лизингтік компанияларды бағдарлама операторлары ретінде қосу көзделгенін айтып өтті.
Бағдарламаның арқасында 2025 жылға қарай кредиттелетін тауарлар бойынша импорт үлесі 59 пайыздан 37 пайызға дейін төмендеп, 16 мыңға жуық жұмыс орны құрылады деп күтілуде.