КҮЗГІ ЭНЗООТИЯҒА ҚАРСЫ ШАРАЛАРДЫ 18 ДЕЗИНСЕКТОР ЖҮРГІЗЕДІ
Шымкентте энзоотияға қарсы шаралар жылына екі рет көктем-күз мезгілінде жасалады. Бүгінде қалада күзгі энзоотияға қарсы шараларға дайындық жұмыстары басталды.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдейді.
Қажетті шараны бекітілген кесте бойынша тиісті 18 дезинсектор мамандар жүргізетін болады. Олар арнайы техникамен, қорғаушы киім және қажетті құралдармен қамтамасыз етілген. Күзгі кенеге қарсы жұмыстар барысында 100 мың мал басы бүркіліп, 102 мың уақ малға тоғыту жұмыстары жүргізіледі.
Айта кетейік, залалсыздандыру жұмыстары тек ауыл шаруашылығы жануарлары бар және оларды ұстауға арналған қора-жайлары бар үйлерге мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен тегін жүргізіледі.
Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы таратқан деректерге сүйенсек, қаңтар-маусым айларындағы есеп бойынша қалада ірі қара мал саны 82,8 мың бас, қой мен ешкі саны 113,0 мың бас, жылқы 14,8 мың бас, құс 975,6 мың бас, шошқа 3,7 мың басты құрайды. Ағымдағы жылы көктемгі энзоотиялық ауруларға қарсы 96 923 бас ауыл шаруашылығы жануарларын бүрку, 102 190 бас тоғыту және 1 950 000 шаршы метр қора-жайлар мен 375 750 шаршы метр буферлік аумақтарға кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес толығымен жүргізілген.