ЖЕДЕЛСАТЫНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ БАСТЫ НАЗАРДА

Шымкенттегі «Тұран» шағынауданында биыл жалпы аумағы 287,1 мың шаршы метрді құрайтын 79 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынатын тұрғын үйлердің 18-і (1224 пәтер) арендалық болса, қалған 61 үй (3608 пәтер) кредиттік болып табылады.

Қазіргі таңда 57 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Шағынауданда биыл 29 кредиттік тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бүгінге дейін 21 тұрғын үй пайдалануға берілді.
Жуырда Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес, бюджет есебінен пайдалануға беріліп жатқан «Тұран» шағын ауданындағы тұрғын үйлердегі орнатылған жеделсатылардың (лифтілер) қауіпсіздігі тексерілді.
Қалалық орта сапасы және бақылау, құрылыс басқармаларының жауапты мамандары мен мердігер мекемелердің қатысуымен «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларындағы» бекітілген ережеге сәйкес жеделсатыларға комиссиялық сынақ жүргізіліп, тіркеуге алу бойынша жұмыстар пысықталды. Бүгінгі таңда құрылысы аяқталып пайдалануға берілетін 21 тұрғын үйде орналасқан 42 жеделсатыға сынақ жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік қызмет көрсету реестріне енгізіліп электронды түрде тіркелді.
Мердігер мекемелердің қызметкерлеріне жедел сатыдағы қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жалғасатын болады. Айта кетейік, жалпы Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйлерде орнатылған лифтілердің саны 401-ді құрайды. Оның 397 жұмыс істеп тұрса, қалған төртеуі істен шыққан.