АБАЙДАҒЫ 131 КӨШЕГЕ ШАҒАЛ ТАС ТӨСЕЛДІ

Биыл Шымкенттегі 153 шақырым жолға шағал тас төсеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл үшін бюджеттен 600 млн теңге қаржы қаралған. Қазіргі таңда барлығы 148 шақырымды құрайтын 277 көшеге шағал тас төселуде.

Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мәлім етті. Соның ішінде Абай және Әл-Фараби аудандары бойынша 144 көшеге қиыршық тас төселді. Оның 131-і (47,2 шақырым жол) Абай ауданына тиесілі. Қалған 13 көше (5,2 шақырым жол) Әл-Фараби ауданына қарасты.
Нәтижесінде Абай және Әл-Фараби аудандары бойынша «Тәуелсіздікке 20 жыл», «Көкбұлақ», «Жаңаталап», «Игілік», «Қызылжар», «Сәуле», «276 орам», «Ақжар-2» тұрғын алаптарындағы бірқатар көшенің тұрғындары шаңы шыққан топырақ жолмен жүру азабынан арылып отыр. Атқарылған жұмыстарды мердігер мекеме «Асфальт» ЖШС орындады.
Сонымен қатар Қаратау және Еңбекші аудандары бойынша «Достық-2», «Қайнарбұлақ», «Тұран», «Асар-1,2», «Тассай», «Жұлдыз», «Оңтүстік», «Бадам» және «Еламан» шағынаудандарындағы 94,9 шақырымды құрайтын 133 көшеге қиыршық тас төселуде.
Аталған жұмыстардың басым көпшілігі дәлірегі 62 шақырымды құрайтын 102 көше Қаратау ауданына тиесілі. Ал қалған 32,9 шақырымды құрайтын 31 көше Еңбекші ауданына қарасты. Ендігі кезекте ондағы көшелерге асфальт төсеу жұмыстары күн тәртібіне шығатыны белгілі. Өз кезегінде салаға жауапты басқарма мамандары ережеге сай шағал тас төселген бұл жолдарда орташа жөндеу жұмыстары инфрақұрылым жүйелері жүргізілгеннен кейін басталатынын алға тартады.