ЕКПЕ ҚАБЫЛДАУ – АУЫРМАУДЫҢ АЛДЫН АЛУДЫҢ ДҰРЫС ЖОЛЫ
Елімізде коронавирус жұқтырғандар саны кешегі жағдай бойынша 715716 адамға жетті. Өкінішке орай қазіргі таңда еліміздің көптеген өңірлерінде аурудың таралуы өршіп тұр. Сала мамандары мұның себебін бірнеше жағдаймен байланыстырады. Атап айтқанда адамдардың карантин талаптарын сақтамауы, ауруға қарсы екпе қабылдамауы және өз бетінше ем қабылдауы. Күн тәртібіндегі бұл мәселелерді ретке келтіру бойынша Шымкентте бірнеше шаралар қабылданып жатыр. Сонымен қатар салаға жауапты мамандар тұрғындарға тиісті ескертулер беруде.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ләззат Қашқымбаева дәріхана жанынан ашылған емдеу бөлмелерінде COVID-19, ЖРВИ және вирустық пневмония симптомдары бар азаматтарға ем тағайындап, оларды емдеуге рұқсат етілмегенін айтты. Егер дәріхана ішіндегі емдеу бөлмелері мұндай жағдайдың орын алуына жол берсе, бұл рұқсаты жоқ медициналық қызмет көрсету фактісі болып есептеледі.
Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте аталған департаменттің өкілі COVID-19, ЖРВИ және вирустық пневмония симптомдары бар пациенттер инфекциялық стационар немесе үйдегі стационар жағдайында емделуі және өзінің учаскелік дәрігерінің қатаң бақылауында болуы тиістігін ескертті. Өз кезегінде ол тиісінше барлық пациенттер МӘМС және ТМККК пакеті шеңберінде дәрілік заттармен тегін қамтамасыз етілуі тиістігін атап өтті.
Айта кетейік, аталған департамент апта сайын дәріханалар мен көтерме сауда қоймаларында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың болуына талдау жүргізеді.
Қазіргі эпидахуал жағдайында азаматтардың өз бетінше ем қабылдауы ауруды асқындыра түсетіні туралы ескертуді қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позиловта бірнеше рет атап өтті.
Мәселен, 16-тамызда қаланың бас дәрігері Бақытжан Позилов ауруханаға ауыр жағдайда түсіп жатқан науқастардың 80 пайызы үйінде ұзақ уақыт өз бетінше ем қабылдағандар екенін жеткізді. Сондай-ақ ол, азаматтарда тұмау белгісінің алғашқы белгілері білінсе уақыт жоғалтпай, мобильді топтарды шақыруды немесе жергілікті жері бойынша тіркелген емханаға барып, учаскелік дәрігерге көрінуді ескертті. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы әлеуметтік желі арқылы өткізілетін тікелей эфир мен ақпараттық-коммуниациялық орталықта өткізілетін баспасөз брифингтерде ауруды жеңудің, оған төтеп берудің жолы – екпе қабылдау екенін үздіксіз айтып келеді.
Екпе қабылдаудың маңызы туралы ол:
– Әлем пандемия басталғаннан бастап, бір жыл бойы коронавирусқа қарсы қабылданатын вакцинаны күтті. Ауруға қарсы екпенің бірнеше түрі шығарылды. Бұл адамзаттың ең үздік ғылыми жаңалығының бірі болды. 18 жастан асқандардың барлығына вакцина қабылдауға болады. Әсіресе, қосалқы ауруы бар осал топтағыларға тез арада вакцина алуды ұсынамыз. Ата-анаңыздың, туыстарыңыздың амандығы үшін вакцина қабылдаңыздар. Сонымен бірге, қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің вакцина салдыруы да аса маңызды. Осылайша ұжымдық иммунитет қалыптастырып, пандемияны жеңіп шығамыз, — деді.
Осы ретте 13-тамыздағы жағдай бойынша Шымкентте диспансерлік науқастар тобына жататын адамдардың ішінде созылмалы ауруы бар науқастардың 54% вакцина алғанын атап өтейік.
Бүгінде қалада коронавирусқа қарсы екпенің I компонентін 405986 адам қабылдаса, екінші бөлігін 333931 адам қабылдаған. Бұған дейін Бақытжан Жолдасбекұлы қалада ұжымдық иммунитет қалыптасуы үшін екпе қабылдғандардың саны 500 мыңнан асуы керектігін мәлімдеген. Қала тұрғындарының екпе қабылдау үдерісін күшейту үшін медицина қызметкерлері қарқынды жұмыс режиміне көшті. Нәтижесінде сенбі, жексенбі күндері де емханаларда екпе алуға мүмкіндіктер қарастырылған.
Бұл ретте тұрғындарды вакцинациялауды ұйымдастыру үшін 43 егу бекеті жұмыс істейді. Одан бөлек, 25 жылжымалы егу бекеті жұмыс жасайды.
Коронавирусты жеңудің жолы екпе қабылдау екенін Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаевта қуаттап отыр. Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте ол «Шымкентте эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Әрбір азамат вакцина қабылдап, өзін, қоғамды, жақындарын аурудан сақтауы қажет. Ауруды алдын алар бірден-бір жол – екпе салдыру»,-деді.
Ағымдағы жылдың 10-тамызында ақпараттық-коммуникациялық орталықта Шымкент қаласының бас имамы Б.Әбдірахманов пен бас имамның орынбасары М.Естеміровтің қатысуымен брифинг өтті. Аталған брифингте олар ислам дінінде екпе жасауға тыйым салынбағанын қадап айтты. Бұл туралы бас имам Б.Әбдірахманов «Ислам дінінде екпе жасауға тыйым салынбайды. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты. Бір дерттің ғана дауасы жоқ, ол – кәрілік», — деді (Ахмад ибн Ханбал). Бұл хадис әрбір дерттің емі бар екенін білдіреді. Әйтсе де ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген кісі зиян көрмейтіні анық»,-деді. Іле оның орынбасары Мұхамеджан Жамантайұлы «Вакциналау заңды түрде әрі кәсіби мамандардың нұсқауымен жүзеге асуы керек. Бұл мәселе медицинаға қатысты болғандықтан, сол саланың мамандары оны жан-жақты зерттеп, адамның денсаулығына пайдалы немесе зиянды тұстарын анықтап, оны қолдану туралы нақты шешім қабылдауы тиіс. Өйткені Алла Тағала Құранда: «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар. Жалпы, аурудың алдын алу мақсатында вакциналау – мүбах (рұқсат). Яғни қоғамда жұқпалы (вирустық) аурулар күшейіп, өзіне және өзге адамдарға зияны тию ықтималы артса, сол ауруға қарсы екпе алу қажет болады»,-деп толықтырып өтті.