ӨРТ ОҚИҒАЛАРЫНЫҢ КӨБІ ҮЙЛЕРДЕ ТІРКЕЛГЕН

Шымкентте жыл басынан бері табиғи өрт тіркелмеген. Дегенмен де өрт оқиғалары тіркелген. Олардың басым көпшілігі немесе 45,9 пайызы (39 өрт оқиғасы) үйлерде, 31,8 пайызы (27 өрт оқиғасы) көліктерде орын алған.

Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мадияр Жақсыбаев мәлімдеді.
Өз кезегінде ол жыл басынан бері департаменттің жедел қызметтері 1 092 рет жедел шақыртуға шыққанын айта келе, «126 адам құтқарылып, төтенше жағдай аймағынан 32 адам эвакуацияланды. Сондай-ақ, 1 зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетілді»,-деді.
Бұдан бөлек, департамент есепті мерзім ішінде өзіне жүктелген міндеттер аясында тұрғын үй секторындағы өрттің алдын алу жұмыстарына көп көңіл бөлген. Халықпен жұмыс жасауға жергілікті атқарушы органдардың және «ҚазТрансГазАймақ» филиалының қызметкерлері де тартылған. Сондай-ақ қауіпті алдын алу бойынша тұрғындар арасында жүргізілген түсіндіру жұмыстарына «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты қатарынан еріктілердің әлеуеті белсенді пайдаланылған.
Осылай деген Мадияр Жақсыбаев орман, дала өрттерінің алдын алу бойынша жыл басынан бері БАҚ-та 84 үгіттеу шарасы ұйымдастырылғанын атап өтті. Ол телеарнадан 14 сұхбат (бейнеролик), радиодан 58 сұхбат, баспа басылымдарына 12 мақала шығарылғанын жеткізді.
Сонымен қатар, биылғы көктемгі су тасқынының залалын азайту бойынша департамент тарапынан бірқатар іс-шара өткізілген. Алайда кей жерлерде ирригациялық жүйелері ақаулығы салдарынан 33 мекенжай бойынша аула мен көше аумақтарын еріген қар суы мен жаңбыр суы басқан. Бұл олқылықты реттеу үшін департаменттен 38 бірлік техника, 41 мотопомпа, 153 бірлік жеке құрам жұмылдырылған. Осы ретте 8 мың текше метр су айдалған.