КӨГІЛДІР ОТЫННЫҢ ПАЙДАСЫ ДА КӨП, ҚАУПІ ДЕ ЖОҚ ЕМЕС

Көгілдір отын біздің күнделікті тіршілігіміз үшін аса қажет. Газ құбырлары алаулатып жеткізілген аумақтың тұрғындары қыста от жағып, күл шығару азабынан құтылады. Иек астындағы газ пешін қолдану арқылы қаншама үй бикелері отқа ас-ауқат дайындап әуре-сарсаңға түспейді.

Десе де, сақтық шараларын қадағаламаса күнделікті тұрмыста пайдаланылатын метан және сұйытылған газ адам өміріне аяқ астынан үлкен қауіп төндіріп жатады. Метан мен сұйытылған газдың ағып кетуінен адамдар тұншығып, уланып өмірі мен денсаулығына қауіп туғызады. Кейде бұл жағдайлар жарылысқа апаруы мүмкін. Мұндай өкінішті оқиғаларды болдырмас үшін Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті мен қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы тұрғындар назарына күнделікті тұрмыста газ пайдалану бойынша қауіпсіздік ережелерін ұсынады.
Қаперіңізде болсын, Сіз бір текше метр газды жағу үшін 10 текше метр ауа қажет екенін білуіңіз керек. Бұл дегеніміз, су жылыту қондырғысы (газколонкасы) орналасқан бөлменің ауданы кемінде 1,8х2, биіктігі 2,2 метрден кем болмауы қажет. Су жылытқыштарды (газколонка) тек ас үй мен жылыту бөлмелерінде желдету арналары, ауа кіретін саңылауы бар бөлмеге орнатуға болады.
Азаматтардың газдан улануының негізгі себебі мұржалардың дұрыс жұмыс істемеуі немесе оларды пайдалану кезіндегі қателіктер мен санитарлық торап бөлмелеріне газды су жылытқыштарды рұқсатсыз орнату екенін біле жүріңіз.
Тұрмыста тауарлық газды пайдаланатын болсаңыз, газ жабдықтарын пайдалану ережелерін қатаң түрде сақтауға, газ жабдықтарының, желдеткіш көздері мен мұржалардың қалыпты жұмыс жасауын қадағалауға, мұржаны уақытында тазалауға, қыс мезгілінде қатып, бітеліп қалмауы үшін мұржаның басын ай сайын тексеруге, мұржаның тарту күшін әр жылу беру маусымы басталар кезде мамандандырылған ұйымға тексертуге, нысанда өз бетінше газдандыру, қайта монтаждау, монтаждау, құрылысын өзгерту және жөндеу (оның ішінде ауыстыру) жөніндегі жұмыстарды жүргізбеуге және оларды жүргізуге жол бермеуге мұқият болуыңыз тиіс.
Газ жабдықтарын пайдалану кезінде түтіндік және желдеткіш жүйелерінің қондырғыларын өзгертуге, желдеткіш арналарын желімдеуге, түтіндіктерді тазалауға арналған «қалталар» мен люктерді бітеуге, түтіндік пен желдеткіш каналдарын тексеру және тазалау туралы актінің қолданылу мерзімі өткеннен кейін газды пайдалануға, түтіндік пен желдеткіш каналдарының ауа тартқыштары болмаған кезде, желдеткіштер (фрамугалар), желдеткіш каналдарының торлары жабық болғанда газ құралдарын пайдалануға тыйым салынады.
Газ белгілі бір мөлшерде ауамен араласқан кезде жарылу қаупін туғызатындықтан, тұрмыста үлкен қауіпке ие. Сондай-ақ, газдың шала жануы кезінде улы газ бөлініп шығады. Мұндай газбен тыныс алу адамды қатты улануға немесе өлімге дейін апарады. Газдан уланған адамды алдымен таза ауаға шығарып, жедел жәрдем қызметін тез арада шақырады.