ТҰРҒЫНДАРҒА КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ ЕКПЕНІҢ БЕС ТҮРІ ҚОЛЖЕТІМДІ
Аптаның сейсенбісінде қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов Шымкентке коронавирусқа қытайлық Vero Cell вакцинасының 40 мың дозасы жеткізілгенін мәлімдеді.
Қытайлық Vero Cell вакцинасын Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Сербия, Беларусь, Бахрейн және тағы басқа әлемнің 45 елі қолданып келеді. Енді ол шымкенттіктерге де қолжетімді. Вакцинаны пайдалануды Дүниежүзілік денсаулық сақтау үйымы осы жылдың мамыр айында мақұлдаған.
Басқарма басшысы аталған екпенің ерекшелігі туралы бірнеше деректерді алға тартты. Атап айтқанда ашық аспан астындағы елде өндірілген екпені сақтауда қатаң талаптардың болмауы ресурстардың жетіспеушілігі жағдайында өте ыңғайлы екен. Бұл әлемдегі ампуласы арнайы монитормен қамтамасыз етілген алғашқы вакцина. Арнайы монитор жапсырма вакцинаны жылы ортаға салған кезде түсін өзгертеді. Бұл медицина қызметкерлеріне оны пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді екен.
Енді қала тұрғындары коронавирусқа қарсы екпе егу бекеттерінде бес түрлі вакцинаның бірін таңдай алады. Олар: Қарағанды қаласында шығарылатын ресейлік «Спутник V», қазақстандық QazVac, БАӘ елінде дайындалған Sinopharm компаниясының HayatVax екпесі, Қытайдың Sinovac Biotech компаниясы жасап шығарған Coronavac және Sinopharm компаниясының Vero Cell вакцинасы.