ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ ҮШ ЖҮЗ МЫҢНАН АСА АДАМ СПОРТТЫ СЕРІК ЕТЕДІ
Шымкентте жыл басынан бері дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтар саны 340 305 адамға жеткен. Бұл жалпы халықтың 31,2 пайызын құрайды. Көрсеткіш 2021 жылға жоспарланған межеден артық. Осы жылға жоспар 31 пайызды құраған болатын.
Бұл туралы Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы мәлімдеді.
Осы жылдың алты айында атқарылған жұмыстарын саралаған басқарма жалпы білім беру мекемелерінде — 208 457 адам, орта арнайы оқу орындарында — 12 095, жоғары оқу орындарында — 12 817, спорт мекемелерінде -18 578, фитнес клубтарда — 17 513, спорт федерацияларында — 6895 және басқа да мекемелер мен ұйымдарда 63 950 адам жүйелі спортпен шұғылданатынын хабарлайды.
Сондай-ақ, Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасындағы «Халықтың 1000 адамға шаққандағы спорттық инфрақұрылыммен орташа қамтамасыз етілуі» нысаналы индикаторын 2021 жылы 25,1%-ға жеткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 25,4 пайызға орындалып отыр.
Айта кетейік аталған басқарма дене шынықтыру және спортты дамытуды іске асыру мақсатында негізгі үш бағыт бойынша жұмыстар жүргізеді. Атап айтқанда, бұқаралық спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымды дамыту және жоғары спорт шеберлігі бағытында жұмыстар атқарады.