БІЛІМ КҮНІНДЕ 19 МЕКТЕП АШЫЛАДЫ

Үшінші мегаполисте 2025 жылға дейін 72 мектептің құрылысы жүргізіледі. Биыл Шымкентте 23 мектеп пайдалануға беріледі. Ел игілігіне берілетін 19 мектеп жекеменшік, 4-уі мемлекеттік болып табылады. Оқушыларға есігін айқара ашатын бұл нысандардың есебінен жыл аяғына дейін қаладағы апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға, мектебі жоқ елдімекендер 13-тен 11-ге және ыңғайластырылған ғимараттағы мектептер саны 5-тен 4-ке төмендейді.

Айта кетейік құрылысы биыл аяқталатын 23 мектептің 19-ы алдағы жаңа оқу жылы қарсаңында ашылады.
Осы аптада ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласының білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева жаңа оқу жылына дайындық барысын баяндады.
Сонымен қатар білім басқармасының басшысы қаладағы білім мекемелері дәстүрлі форматта оқытуға дайын екенін атап өтті. Өз сөзінде ол «Білім ұйымдарында күнделікті термометрия, кварцтау, желдету, дезинфекция және маска режимі сақталады. Білім басқармасына қарасты 785 білім ұйымдары «Ashyq» жобасына 100% қосылған. Медициналық қарсы көрсетілімдері бар азаматтарды қоспағанда педагогтар мен техникалық персоналдар жүз пайыз екпе қабылдады»,-деді. Сонымен қатар ол жаңа оқу жылы басталған соң білім беру ұйымдарына бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынатынын, барлық мектептерде «бір сынып – бір кабинет» талаптары сақталатынын айтты.
Бұдан бөлек, Жанат Арысбекқызы егер оқу жылы кезінде оқушы өзін жайсыз сезінсе немесе ауырған жағдайда ол оқитын сынып қашықтан оқытуға жіберілетінін ескертті. Оның сөзінше биыл қаладағы білім беру ұйымдары 17-ге артып, 785-ке жеткен. Оның ішінде 526-сы балабақша, 203-і мектеп, қалған 32-сі колледж болып табылады. Жаңа оқу жылы 350 мыңға жуық білім алушылармен басталғалы отыр. Балалар саны өткен жылмен салыстырғанда 8 мыңға артқан. Ал, 1 сыныпқа 25 005 бала қабылданған.
Жанат Арысбекқызы жаңа оқу жылы қарсаңында білім қоры арқылы мектеп формасына бір реттік қаржылай көмек қала бойынша 57 466 балаға берілетінін де хабарлап өтті.
Бір реттік 30 мың теңге көлеміндегі қаржы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балаларына, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен көп балалы отбасыға және басқа санаттағы балаларға беріледі.