КҮНІНЕ 1000 ДОЛЛАР ТАБАМЫН…
Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» туристік кешеніндегі сауда сөрелері халыққа қызмет көрсете бастады. Кешендегі сауда орталықтарының аумағы 23 мың шаршы метрден асады. Сауда сөрелері инвесторларға кафе, ресторан ашып, киім-кешек саудасын жасауға лайықталған. Қазіргі таңда сауда сөрелерінің 53 пайызы ашылуға дайын. Тағы 20 пайызын ашу мақсатында тиісті келіссөздер жүруде.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Кешендегі сауда сөрелерінде бизнес бастауды ынталандыруда облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жергілікті кәсіпкерлерге сауда нүктелерін жалға алуға жеңілдіктер жасау үшін «Түркістан» әлеуметтік — кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы несие беру жобасы қолға алынды. «Яссы» деп аталатын жоба аясында инвесторлар 27 млн. теңгеге дейінгі ақшаны 4 пайызбен бес жылға рәсімдей алады.
Өз кезегінде жергілікті кәсіпкерлер осындай жеңілдекпен несие рәсімдеуге дайын екенін айтуда. Соның бірі «Керуен сарай» туристік кешенінде балмұздақ сататын Жамбыл Сәрсенбаев есімді азамат. Кешенде балмұздақ сатып, күніне 1000 АҚШ долларына дейін табыс табатынын мақтанышпен жеткізген ол, алдағы күндері облыс әкімдігінің бастамасымен қолға алынған жеңілдікті пайдаланбақшы екен.