КИЕЛІ ҚАЛАНЫҢ КІРЕБЕРІСІНДЕ ЖАҢА СТЕЛЛА ПАЙДА БОЛАДЫ
Облыс орталығы Түркістан қаласының кіреберісінде қала атауы жазылған стелла салынуда. Стелланың биіктігі 11 метр, жалпы алаңы 28 метрге созылады. Нысанға 70 жарықшам орнатылады. Оның құрылысы жақын күндері аяқталады. Жуырда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев нысан құрылысымен танысып қайтты.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдейді.
Аймақ әкімі бұдан бөлек тағы бірқатар нысандардың құрылысын аралады.
Атап айтқанда ол қаладағы әмбебап «ЭКО базар» мен автовокзал құрылысының айналасын абаттандыру жұмыстарымен танысты. Бүгінде аталған ғимарат айналасын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Жасыл аумаққа 5 мың ағаш отырғызылып, жарықтандырылады, суару жүйесі іске қосылады.
«ЭКО базарда» көтерме саудаға 450 орынға қойма, бөлшек саудаға 3500-4000 орынға лайықтап дүңгіршектер салынуда. Бүгінгі күні базар аумағына орналасуға кәсіпкерлер тартылып, ірі өндіруші мекемелермен келісім шарт жүргізілуде. Отандық кәсіпкерлермен қатар, жаңа базарда шетел кәсіпкерлері де өз өнімдерін саудаға салады. Облыс басшысы құрылысы жүріп жатқан Ясауи көшесінің бойында орналасқан желілік саябақты аралады. Сонымен қатар ол, қаладағы Яссы көшесін күрделі жөндеу жұмыстары мен «Түркістан — арена» стадионының айналасын көгалдандыру барысымен танысып, жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берді.