ДӘРІГЕРЛЕРГЕ ҮСТЕМЕАҚЫ ТӨЛЕУ АЛЫНАДЫ

Қазақстанда коронавируспен күреске тартылған дәрігерлерге еңбекақысына қосылып берілетін үстемеақының мөлшері 212 мыңнан 850 мың теңгеге дейін барады. Бірақ осы айдан бастап індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер үшін төленетін үстемеақы көлемі екі есеге қысқарады. Ал қазан айынан бастап үстемеақы төлеу алынып тасталады.

Енді тамыз, қыркүйек айында коронавируспен күресте бірінші тәуекел тобына жататын дәрігерлер үшін берілетін үстемЕақы 425 мың теңгеден аспайтын болады. Ал екінші тәуекел тобындағылар 212 500, үшінші тәуекел тобына жататындар 106 250 теңге үстемеақы алатын болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айынан бастап дәрігерлер елдегі эпиджағдайға тәуелді болмайтынын, сол үшін үстемеақы төлеуді ынталандырудың басқа шараларымен алмастыруды айтты. Сонымен қатар Президент екпе салдырғандар көбейсе, коронавирустың қаупі төмендейтінін атап өтті.
Айта кетейік, елімізде жаппай екпе қабылдау ағымдағы жылдың 1-ақпанында қолға алынған болатын. Содан бері жарты жыл өтті. Індетке қарсы екпенің бірінші компонентін 5 530 789 адам, екінші бөлігін 4048463 адам қабылдап үлгерді.(4-тамыздағы жағдай бойынша) Елде індетке қарсы ұжымдық иммунитет қалыптасу үшін елдегі халықтың 60 пайызы вакцинациялануы керек.
Естеріңізде болса, 15-шілдеде еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясовтың қаулысына сәйкес, қоғамдық орындар мен қызмет көрсету орталықтарында жұмыс істейтіндер 10-тамызға дейін екпенін бірінші компонентін, 1-қыркүйекке дейін екінші компонентін алуы тиістігі хабарланған.
Енді осы мерзім өткеннен кейін компанияларды тексеру басталады. Тексеру кезінде вакцина салдырмаған қызметкерлердің мекемеде офлайн режимде жұмыс істеп жүргені анықталса, жүмыс берушіге айыппұл салынады. Кәсіпкер 14 мыңнан бастап 1,4 миллион теңгеге дейін айыппұл арқалауы мүмкін. Тіпті кәсіпорын қызметінің уақытша тоқтатылуы да ғажап емес. Міндетті вакциналау талабы медициналық қарсы көрсетілімдері бар, соңғы үш айда коронавируспен ауырып шыққан адамдарға қатысты емес.
Жоғарыда Президент екпе салдырғандар көбейсе, коронавирустың қаупі төмендейтінін атап өткенін келтіре кеттік. Қазіргі таңда екпе қабылдағандар қатары күн сайын көбейсе де, елдегі эпидахуал тұрақты емес. Тиісінше коронавирустың таралуын бағалау матрицасы да мәз емес. Тек бір өңір ғана сары аймақта. Жағдай ушыққан аймақ қызыл аймақтан өтіп, қою қызыл мәртебесін алуда. Былтыр екпе қабылдау процесі болмаса да, елдегі аурудың тіркелуі бұлай көбеймеген еді. Қазір екпе қабалдағандар саны туралы статистика күн сайын өсу динамикасын көрсетіп отырғанмен, жағдайдың оңалып жатқаны шамалы. Мұның сыры неде? Себебі қандай?
Бұл туралы нақты болжам айту қиын. Бірақ екпе қабылдау процесі кезіндегі бірқатар былықтардың орын алуы ауруды жеңуге кедергі келтіріп жатқаны белгілі. Еліміздің ішкі істер министрлігінің таратқан деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері полиция органдарында жалған вакцинация паспорттарын жасау бойынша 50, жалған ПТР анықтамаларын жасағаны үшін 60 қылмыстық іс қозғалған.
Өтірік өрге бастырмайтыны белгілі. Екпе қабылдау үдерісінде сыбайлас жемқорлықтың ізі болса, статистика қанша жерден сайрап тұрса да ұжымдық иммунитет қалыптаспайтыны анық қой. Уақыты келгенде мұндай ащы шындықты елдегі эпидахуал айқын көрсетіп беретіні сөзсіз.