ЖОЛАУШЫЛАР АҒЫНЫ 9 МИЛЛИОННАН АСАДЫ

Отандық әуекомпаниялар болжамы осыған саяды

Биыл қазақстандық әуекомпаниялар 9 миллионнан аса жолаушылар тасымалдауды жоспарлап отыр. Былтыр 5 млн. 260 мыңнан аса жолаушы діттеген жеріне отандық әуекомпаниялар арқылы жеткен. Ал 2019 жылы барыс келісте әуе кемесін пайдаланған жолаушылар ағынының саны 7 227 127 құраған.
Бұл туралы еліміздің Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің Азаматтық авиация комитеті хабарлады. Аталған комитет осы жылдың бірінші жарты жылдығында қазақстандық авиациядағы жолаушылар ағыны 3 973 150 болғанын мәлімдеді. Оның ішінде ішкі желілерде 3 488 675 жолаушы, халықаралық желілерде 484 475 жолаушы тасымалданған.
Комитет келтірген деректерде осы жылдың жарты жылдығында отандық әуе компаниялары ішкі желілер бойынша тасымалдаған 3 488 675 жолаушының 1,5 млн.ға жуығы FlyAristan компаниясын таңдағаны көрсетілген. Бұдан бөлек 1 миллионнан аса жолаушыны Air Astana тасыған. Scat-қа отырған жолаушыар саны 500 мыңнан асса, 300 мыңға жуық жолаушы Qazaq-қа билет сатып алған.