Құрымбай датқа

Сауранбай датқаның әкесі Құрымбай датқа Самай ұрпағынан тарайды. Есімі елге етене болған ол 1781 жылы туылып, 1844 жылы қан қысымынан қайтыс болған. Құрымбай жасынан еті тірі, өте өткір, сөзді тауып сөйлейтін, шешен адам болған екен. 

Өзі сегіз қырлы, бір сырлы жан сұлулығы мен тән сымбаты үйлескен келбетті жігіт екен. Қоқан билеп тұрған заманда елге қоқан бектері келіп, Ақтастыбұлақтың басына үй тігіп күтеді. Ол кезде елдің билігі Есен биде болса керек. Есен биді Қоқан бектері шақыртады. Сонда Есен:
-Мен олармен бәтуаға келе алмаспын. Оның үстіне атқа да отыра алмаймын. Одан да сөз сөйлей алатын өзімізден бір баланы жіберейік. Мына жағы төменгі Ақтөбе-Күмістідегі Нұрсай балаларына, мына жағы Жартытөбедегі Ескенкелді (Қошқар), Тілес балаларына, Күнгей жақтағы Тиес балаларына тегіс хабар беріңдер, еті тірі жігіттерін ертіп, ақсақалдарымен маған келсін. Барлығын көріп, жобасы келетін болса, менің сұрақтарыма жауап таба білсе, билікті, батамды беріп, мына белгіні беремін,-деп Қоқан хандығы берген үкілі жебені көрсетеді. Ол кезде Қоқан хандығы әрбір елдің ірі датқаларына, онда да атақтыларына «Үкілі жебе» беретін дәстүрі бар екен. Ол белгі – «Датқалардың датқасы»-деген белгі болса керек. Жан-жаққа шапқылап, шабармандар кетеді. Екі күннен кейін Күнгей-Теріскейдегі бүкіл Саңғыл руларынан ақсақалдары мен сөз сөйлер жігіттері келіп жетеді. Өрісті атаның төріндегі үлкен сазға ақ орда тігіп, Есен би барлық келгендерді қабылдайды. Ас желініп, қымыз ішіліп болған соң үлкен жиын басталады. Сол жиында жан-жақтан келген жас жігіттерді, еті тірі сөз сөйлер бар жігіт ағаларын үйдің бір жағына отырғызып қойып, әңгімені бастайды. Өзінің жасының келгенін, енді атқа отырып, билік айта алмайтынын айтып, сөз сөйлері бар, ет тірі, намысты қолдан бермейтін Саңғыл ата балаларының біріне билікті өз қолымен беріп, бата бергісі келетінін айтады. Отырған ақсақал — қарасақал дүйім жұрт риза болып, бұның жөн екенін айтысады.
Есен сол жиналғандарға көп сұрақ қояды. Сонда көпшілігі жөнді жауап бере алмағанда орнынан қайта-қайта тұрып, Құрымбай жауап бере берген екен. Сонда Есен риза болып, отырған дүйім елдің алдында Құрымбайға бата берген екен. Құрымбайдың да ол кезде 22-23-тердегі жалындап тұрған жас кезі.
Кейін Есен айтты деген сөз бар:
– «Құрымбайдың екі иығында екі арыстан аузынан жалын атып тұрды»-деп. Бірақ ол арыстан Есен биден басқа адамдарға көрінбейді екен. Есен би де тегін адам емес қой.
Есен би Қоқан хандығы берген «Үкілі жебені» Құрымбайға беріп тұрып:
– Қазір сен барғанда мынадай сұрақтар қояды, сен оларға былай жауап бересің деп әбден дайындайды.
Құрымбай сол жолы Қоқан хандығы берген «Үкілі жебесін» алып, Қоқан бектеріне Есен би датқаның ауырып жатқанын, атқа отыруға шамасының келмейтінін айтып, «мына жебесін маған бата беріп жіберді» деп, үкілі жебені көрсетеді. Қоқан бектері Есен би айтқандай көп сұрақ қояды. Құрымбай барлық сұрақтарына жауап береді. Құрымбайдың кісі күтуіне, кісіге қарап жауап беруіне риза болған Қоқан бектері Есен биге келіп, сәлем беріп, ризашылығын алып, сол жолы Құрымбайды жігіттерімен ерте келіп, Есен би датқаның орнына датқа етіп сайлайды.
Сызған ауыл әкімдігіне қарасты шеткі Сызғанның Кәріағаш деген бөлігіндегі ескі қорымда Құрымбайдың және оның баласы Сауранбай датқаның кесенелері тұр. Осы кесенелерді қайта қалпына келтіріп, кесене аумағын жабайы шеңгелдер мен бұтақты өсімдіктерден тазалап, өткен тарихымызды жаңғыртуымыз керек. Аталмыш қорымда Құрымбай датқаның немересі Дүйсенбі бидің де кесенесін анықтап табуымызға болады. 1992 жылы, осыдан тура 29 жыл бұрын Сызғаннан Раң атаға атпен кетіп бара жатқанымда екі кесене де дін аман болатын. Былайша қарап отырсаңыз, ширек ғасырдан астам уақыт ішінде қалайша жартылай қирандыға айналып кеткені өкінішті. Құрымбай датқа туралы ақын Рахым Балабиевтің жазғандарынан басқа тұщымды деректер жоқ. Қазір де сол азаматтың жазғандарына сүйеніп отырмыз. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жобасы аясында Құрымбай мен Сауранбай датқалардың, оның ұрпағы Дүйсенбі бидің кесенесін қалпына келтіру жөнінде жоғарғы органдармен, тиісті мамандармен ақылдасып, киелі орындар картасына енгізу мәселесі де қолға алынса оңды болар еді. Қоқан билігі кезінде «датқа» лауазымы жоғары тұрған хан мен патшаға, ел билеушілеріне дат деп елдің ойында жүрген кезекті сөзін айта алатын, уәжін жеткізе алатын, сөзге шешен, тілге бай, ақылы толысқан, айбары мен сұсы басым азаматтарға берілетін лауазым болатын. Құрымбай датқа халықтың маңдайына біткен ақылды, кемеңгер, от ауызды, орақ тілді азамат болған екен. Алдағы уақытта осы азаматтардың кесенесін бастапқы қалпына келтіру жұмыстарын қолға алып жатсақ нұр үстіне нұр болар еді. Артында қалың қазағы, ұрпақтары бар бейбіт, нұрлы заманда баба рухын құрметтей алмасақ елдігімізге сын болатын шығар.

Құрымбай датқа

-Құрымбай датқа туралы аз-кем білетінім бар,-деді сызғандық қария, Созақ ауданының құрметті азаматы Әбдуәлі Баймағанбетов.
-Ертеректе көнекөз қариялардан естіген едім. Біз Атбасар, Қараөткел өңірінің арғынымыз. Алтай арғынбыз. Атамыз бай болып, кеңес өкіметі бар, ұры-қарысы бар әркім- әркім малын талай берген соң Өзбекстанның Ташкент жағына көшіп келеді. Кейін зобалаң саябырсып, ағайындары қайта елге шақырады. Сонда бабаларымыз:—Мен енді кері бармаймын. Қыз беріп, қыз алып осы өңірге сіңіп кеттім дейді.
-Онда сенде бір шала қазақ болдық ғой,-деп қош айтысады. Сол қалып кеткен кісі Майкөз деген атамыз екен. Ол кісі арысы Түркия, Иран, берісі Түркістанға дейін сауда керуенімен келіп қайтады екен. Кезінде Құрымбаймен сауда жасап жүріп танысып, дос болған екен. Майкөз отырған жердегі ауылда кісі өлімі болып, сол өлімді «сырттан келген, бөтен кісілер осылар өлтірді!» деп Майкөздің екі баласынан көреді. «Ертең елді жинап тас атып өлтіреміз!» деп сырттай үкім шығарады. Майкөз бұл хабарды естіп, екі баласын шақырып алып:
-Түркістанға барыңдар. Одан ары Қаратау. Қаратаудан ассаңдар арғы жағында Созақ, Теріскей деген ел бар. Ол елде Құрымбай деген датқа кісі бар. Ол кісіге де шала қазақпыз деп айтыңдар. Сендерді бір құтқарса сол кісі құтқарады,-деп балаларын Түркістанға қашырып жібереді. Екі бала Түркістанға келіп, көше кезіп базар аралап жүрсе бір жерде үлкен жиын болып жатыр екен. Киім киісі, түрі-түсі бөлек екі баланы «Түрі мен түсі бөлек, бұл маңайдікі емес, мүмкін ұрылар болар» деп әлгі жиынға нөкерлер ұстап алып келеді. Сонда Құрымбай: -бұл екі баланың түр-түсі ұрыға да, баукеспе қарақшыға да ұқсамайды. Бұл екеуінің бір қасық қанын маған қиыңдар, — дейді. Содан екі баланы құтқарып алып, былай шыққан соң жөн сұрасады.
– Көке біз арғын руынанбыз, Майкөз деген байдың баласымыз. Жала жабылып содан қашып келеміз, Сізге үлкен рахмет, жақсылығыңыз құдайдан қайтсын! — дейді. Елде осындай жағдай болып бізді әкеміз осында жіберді. Біз Құрымбай датқаны іздеп жүрміз, — дейді.
– Сол Құрымбай датқаларың мен боламын. Қолымнан келгенше көмек беремін. Сендер тік мына таудан асып Теріскей, Сызған деген жерге бара беріңдер. Мен жұмысымды бітіріп екі-үш күн өткен соң соңдарыңнан барамын дейді. Жолда кездескен адамдарға «Арғынбыз» десеңдер ұстап алады. Әкелерің айтқандай «шала қазақпыз» деп айта беріңдер дейді қош айтысып.
Келген соң екі баланы бала етіп, қоныс етеді. Самайдың өзі алты ата болатын. Сол саңғыл ағайынмен біте қайнасып екі ғасырдан астам уақыт бойы бір атаның балаларындай араласып, құраласып келеді. Әлгі екі бала Әлімбай-Ғалымбайдан Рахымбай, Райымдар тарайды. Құрымбай елге аман-есен келген соң әлгі екі ағайындыға өз жерлерінен еншісіне жер бөліп беріп кетеді.
Баяғыда Құрымбай берген жерді кейін заманына қарай мемлекет арқылы актілеп, құжаттап меншіктеріне алады. Бүгінде «Баршакөк» деген ірі шаруа қожалығы құрылған. Құрымбайдың Қоңыр әулетінен Райымжан, Ескер, Әділ, деген кісілер тараған. Құрымбайдың ел басқару тәсілі өзгеше болған. Құрымбайдың тұсында дала демократиясы кең өріс жаяды. Сөйлеушіге, айтушыға, ойын білдрушіге, өз құқығын қорғағысы келетін қорғаныш іздеген жандарға кең жол ашылған. Әрине, қараша халықты бет алды, ауыздықсыз жіберуге болмайтынында білген.
Құрымбай датқа Кенесары ханмен дос болған. Араға түскен әзәізлдер мен жарамсақтардың түрлі жымысқы әрекеттеріне бой бермей жүріп, достықтарына кір түсірмеген. Төре елімен саңғылдар өте жақын достық пен сыйластықта болып, рулар арасында сауда керуендері жүрген.
Созақ аудандық статистика басқармасының басшысы болып қызмет атқаратын Марат Қайырқұлұлы, осы Құрымбай датқаның тікелей тараған ұрпақтары. Сейділда деген кісі болыс болған. Әділ деген қария сөзге шешен, шежіреші кісі болған екен. Сейділда болыс пен Әділ немере туысқан. Сейділда болыстан Қайырқұл туған. Сызғандағы Райымжан қария Сейділданың інісі Ыбырайымның баласы болады.
Қоқан хандығы кезінде:
Қоқан көріп біреуің сарт боласың,
Қоқан көріп біреуің мәрт боласың.
Руыңды, ұлтыңды сатар болсаң,
Қоқандай өз ұлтыңа жат боларсың, деген пәтуалы сөзімен:
Дүлейлерден ықпадым, ләбізімді жұтпадым,
Кедей менен пақырдың әділ жолын құптадым.
Арамдарға жұқпадым, алаяқтан сырттадым,- деген ел аузында қалған сөздері толық болмаса да, сөздерінің орны ауысып, кейбірі түсіп қалса да сүйегі бізге жетті. Соған шүкіршілік етеміз. Біз Әбдуәлі қария, Жаңабай құрдасымыз үшеуміз ауылдың тау жақ бетіндегі Құрымбайдың мүрдесі жатқан кесенені барып өз көзімізбен көрдік. Сол уақыттағы кесене салу үрдісімен, үлгісімен салынған кесененің жобасын байқадық.
Негізінде құм жиегінде өмірден өткен Құрымбай датқаның денесін Қаратау бөктеріне әкеліп жерлеген туысы Қисық батыр екен. Қисық батыр датқа денесін Ақтас деген бұрынғы отырықшы мекен болған жерге әкеліп, таудың қысаң тастарының, жартастардың арасына әкеліп жасырады. Сөйтіп барып жерлейді. Жалпы Созақ даласында бір адамды жеке жерлемейді. Қорым ішіне жерлейді. Суындық асуы, Бабата, Қарлығаш әулие, Қызылбұлақ, Айдарлы, Сеңгір сияқты жерлердегі әулие-әмбиелерге тақау жерлеуді дағды еткен. Аты танымал, ұл, белгілі кісілердің рухы қолдайды, желеп-жебейді деген нанымды ұстанған.
Ел басқарған көсемдер,
Қызыл тілді шешендер.
Қаратаудан әрі асқан,
Құрымбаймен санасқан.
Сол Құрымбай әлсізге,
Қайыр жасап жоқтарға.
Қарашаға қарасқан.
Теріскей деген жер болған,
Саңғыл, Қоңыр ел болған.
Кәрі ағаш, Ақтас, Баршакөк,
Көк орайлы бел болған.
Сол көкорай шалғынға,
Құрымбай бастап ел қонған.
Жылқысы жатқан жайылып,
Түйесін құмда қайырып,
Майда малы қой, ешкі,
Шыдамас әркім айырып.
Мына шеті Жыныстан,
Арғы беті Түркістан.
Батысында Суындық,
Шұрқырап жұрты табысқан.
Ақшаңқан аппақ үйлері,
Көрінген жұртқа алыстан.
Атадан туған ұл екен,
Пайғамбарға құл екен.
Ай мен күндей баршаға,
Сәулесін шашқан нұр екен.
Келбеті көркем ажары,
Елдің ауған назары.
Әділдігі аңыз боп,
Елден елге тараған.
Құрымбайдан туған Сауранбай,
Майын мінез жан екен.
Сабырлы да байсалды,
Жүк көтерер нар екен.
Одан туған Дүйсенбі,
Болыс болғаны алымды.
Билігі бекем жас ұлан,
Ер болған екен қарымды.
Ұрпақтан ұрпақ жалғаған,
Жақсылар болған осындай.
Жылқы ауылдың қосындай,
Халықтың жайын ұғатын.,
Хазіреттің досындай.
Беріліп кетпей Қоқанға,
Қызмет еткен қазаққа.
Елмен бірге болады,
Көндігіп түскен азапқа.
Кәріағаш өскен мекені,
Өмірі өткен ертегі.
Құрымбай жайлы құрым ел,
Мәңгілік күйін шертеді.

Мақсат Қарғабай,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

Құрымбайдың Текей датқаға жауабы

Құрымбай заманында Арқада атақты Тәкей датқа деген болыпты. Ол Қоқан ханының ең сенімді өкілі екен. Ол Қоқан билеген жердегі датқаларды аралап жүріп, баға береді екен. Оның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс көрінеді. Кейбір датқаларды сынап, Қоқан ханына айтып, ауыстыратын да құқы бар екен.
Сол Тәкей датқа датқаларды сынаймын деп, Қаратау өлкесіне келеді. Тәкей датқа келе жатыр деген соң бүкіл қаратау аймағындағы датқалар қазіргі Келіншектаудың баурайындағы Арна өзені бойына үй тігіп, арнайы күтіп алады. Арнайы тігілген ақ боз үйге кіргізіп күтеді. Қаратау өлкесі күнгей-теріскейі 18 болыс ел екен.Тәкейге кіруге ешкім бата алмайды. «Сен бар – сен бардың» әрекетіне түседі. Содан Құрымбай атамыз шығып, «Мен барайын» дейді.
Құрымбай датқа сәлем беріп кіріп келеді. Тәкей датқа Құрымбайды менсініңкіремей, жамбастап жатып селқос амандасады. Сәлемдесіп болған соң Тәкей датқа Құрымбайды датқа екен деп менсінбей:
– Бұл елдің датқалары қайда?-дейді Тәкей, Құрымбайды датқа деп ойламаса керек. Құрымбай датқа:
– Бұл елдің кісілері Түркістанға үлкен бір жиынға кетіп еді,-дейді де қояды. Олар Құрымбайға кеуіл аудармай, өздерінше әңгімені қыздыра береді. Арқадағы сары қымызды балғын қозыны айтып, бұл елдің сыйына риза еместігін білдіреді. Дастархандағы өрік-мейізді, тәтті-тұттыны менсінбей, ірімшік, құрт, сары майды әңгімелейді. Сойылған қысыр емген тайды, дастархандағы май тарыны, исі бұрқыраған үнді шайын елемегеніне Құрымбай датқа да намыстанып:
– Тақсыр! Арқаның сары қымызы мен қолаңса сасыған қозысын әңгімелей бердіңіз-ау. Біздің елде ондай асты қойшы-қолаң ішеді. Біздің елдің кісілері қып-қызыл пілсіз шай ішіп, қысыр емген тайдың қазы-қартасына тойып ап, құрт қатқан сорпаны ішіп алып, қып-қызыл нарттай болып шіренгенде бесті аттың белін үзіп жібере жаздайды,-дейді.
Шетінен өңкей бесті ат көтере алмайтын нән келеді. Алдыңызда тұрған май тарыдан бір пияласын жеп алсаңыз азанда шарығыңызды шаңырақтан көресіз,-депті.
Тәкей датқаның өзі де, қасындағы еріп жүргендері де өңкей арық, бетіне пышақ жанығандай екен. Сонда Тәкей Құрымбайдыңсөз саптауына қайран қалып:
– Сен кім едің өзі?-депті. Құрымбай:
– Біздің елдің кісілері жолаушылап кетіп еді, енді бір жетіден кейін келеді. Мен әшейін солардың ат байлаушысымын,-депті. Сонда Тәкей датқа түнде ойланып, «қаратау датқалары шетінен сөзге шешен келеді деуші еді. Мына ат байлаушысымын деп отырғанының сөзі мынау. Қой, олар келгенде сөзден ұтылып масқара болармын» — деп, ерте аттанып кеткен екен.

Құрымбайдың Кенесарыны құтқаруы

Құрымбай датқа Кенесары ханмен замандас, сыйлас дос болып өткен адам. Ол Қоқан ханына датқа болып қызмет еткенімен, негізінде Кенеханның көзқарасын жақтап, Кенеханды қолдап отырған. Әскеріне күш-көлік беріп келген. Кенесарыхан кей жылдары, тіпті Құрымбай датқаға қарасты жерлерге қыстап қалып та жүрген. Кей жылдары жазда ауылын Сызғандағы Ақтасты бұлаққа қондырып, алыс сапарларға да шығып отырған. Ондай кезде Кенехан Құрымбай датқаға ауылын, елін дайындап, тапсырып кетеді екен.
Бір жыл Кенесары хан Россиямен тағы да күресу үшін Қоқан ханымен бірлеспек ойы болады. Сол мақсатпен Қоқан ханы билеп отырған ташкент қаласының беглербегіне Саржан мен Есенкелді ағасын жібереді. Олар Саржан мен Есенкелдінің басын алып, Кенесарыға жауап та бермейді. Тап сол кезде Әзірет Сұлтанға тәубе ету үшін келген Қасым сұлтанды да Қоқан әкімдері ұстап өлтіреді. Кенесары ауылын теріскейдегі Құрымбай датқаның ауылының қасына көшіреді. Есенкелді мен Саржанның әкесі Қасымханның ауылын сұраймын деп, қарнаққа келген Кенесарыны Қоқан бектері ұстап, ташкент зынданында бір жыл жатады. Міне сол кезде Қаратау өлкесіндегі би, датқалар жиналып:
– Кенесарыны зынданда жатқыза бергеніміз дұрыс болмас, араға адам салып құтқарайық — дейді.
Соған үлкен дайындық жасап, үлкен тарту – таралғымен басшысын Құрымбай етіп, Қоқан ханы Мұхамедәлі (Мәделі) ханға қасына Күнімжан бәйбішесімен Сыздық деген баласын қосып, елші етіп, өз өтініштерін білдіреді. Бұл жерде Мәделі ханға тікелей кіре алатын, сөзін өткізе алатын, уәж айта алатын Құрымбай датқа ерекше көзге түседі. Кенесары хан мен Мәделінің арасына дәнекер болады. Кенесарыны Ташкент беглербігінің қмапа ұстап отырғанын, оны қазақ елінің игі жақсылары мен датқа—билерінің босату жөніндегі өтінішін жеткізеді.
Мәделі хан бұны құп көріп, ташкент беглербегін шақырып алып:
– Кенесары ақсүйек, хан нәсілі еді, сондықтан оның не жазығы бар екенін алдымен маған айтып, менің бүйрығым бойынша іс істеуіңіз керек еді. Сен құлсың, құлдың қожайынын жазалауға жолы жоқ. Кенесарыны дереу босатып, осында жеткіз, — деп бұйрық береді. («Кенесары және Сыздық Сұлтандар» — Ахмет Кенесарин. 10 бет. 1992 жыл).
Кенесары әйел, бала-шағасымен табысып, досы Құрмыбай датқамен кездесіп, Мәделі ханға келеді. Кенехан өз ойын айтады. Мәделі хан:
– Енді сіздерге тимеймін, тумаларыңызды осында алып келіп, маған зекет, басқа да алым – салықтар төлеп отыра беріңіздер. Ал Россиямен соғысыңызға ойланып көрейін, — дейді.
Ташкенттен кетерінде Кенесарыға Мәделі хан 100 жігітке Әбдүшүкір деген жүзбасына қосып береді. Әбдішүкірге «еліне дейін аман-есен жеткізіп сал»-дейді. Кенесары кетерінде Мәделі ханға жолығып, «Әбішүкір мені Созаққа дейін апарсын, ары қарай Бабақұл қожаға айтыңыз, одан ары 40 жігітімен Созақтың әкімі алып барсын» — дейді. Себебі Саржан мен Ескенкелді ағаларын, әкесі қасым сұлтанды да ұстатып өлтірткен сол Созақтың Бабақұл қожасы еді.
Кенесары хан жүзбасы Әбдішүкірмен оның 100 жасағымен еліне бет алады.

Ел аузынан жинаған.