ЗООБАҚҚА КЕЛУШІЛЕР САНЫ 1 МИЛЛИОНҒА ҚАШАН ЖЕТЕДІ?
Соңғы кездері Шымкент зообағына қатысты әлеуметтік желілерде таралған әртүрлі ақпараттарға байланысты Шымкент қаласы әкімдігі жанынан құрылған қоғамдық кеңес мүшесі ретінде халыққа шынайы мәлімет жеткізу мақсатында, негізгі сұрақтар бойынша төмендегі зерттеуімді ұсынып отырмын.
Жалпы Шымкент зообағының аумағы 30,08 га алып жатыр. Саябақтағы хайуанаттар саны жыл сайын көбейіп келеді. Мәселен, 2015 жылы мұндағы хайуанатттардың саны 2136 болса, 2016 жылы 2549 (19,3% көбейген), 2017 жылы 2565 (20,1%), 2018 жылы 2432 (13,9%), 2019 жылы 2568 (20,2%), 2020 жылы 2600 –ға жетіп, бес жыл ішінде 21,7 пайызға артқан.
Мекемеде 2015 жылдан бері штат саны 138 адамнан қысқармаған. Оның 39-ы қызметкер болса, 99 жұмысшы болып табылады.
2015 жылы хайуанаттарды 284999 адам тамашаласа, осы жылдың бірінші жартыжылдығында келушілердің саны 221394-ке көбейген.
Демалыс орнына кіру ақысы 2015 жылы балалар үшін 200 теңге, ересектер үшін 400 теңге болса, қазіргі таңда бұл баға 300/600 теңге болып бекітілген.
Еліміздегі үш зообақтың бірі болып табылатын Шымкент хайуанаттары бағына 2021 жылғы бюджеттен 246,536 млн теңге бөлінген. Оның 116,915 млн. теңгесі еңбек ақыға, 94,534 млн. теңгесі жануарлардың азығына, 35,087 млн теңге басқа қызметтер түрлеріне бағытталған.
Мекеменің соңғы бес жылда өзін өзі қаржыландыру динамикасы төмендегідей. 2015 ж-77811 млн теңге, 2016 ж -34875, 2017 ж -11529, 2018 ж- 86762, 2019ж — 92601, 2020 ж-36772 млн теңге болған. 2017 жылы кіріс көлемінің алдыңғы жылдармен салыстырғанда күрт төмендеуі сол кездегі билет құнының балалар да ересектер үшін де 22 теңге болуымен байланысты. Ал 2018 жылы өзін өзі қаржыландыру көзінің күрт көбеюі билет құнының сәуір айынан бастап ересектерге 500 теңге, балаларға 250 теңге етіп белгіленуі болды. Ал 2020 жылы зообақ 14-наурыздан 01-қыркүйекке дейін карантинге байланысты көрермендер қабылдамаған.
Зообақтағы жұмысшылардың жалақысы 45-110 мың теңге аралығын қамтиды. Жоспар бойынша 2023-жылға дейін 10 ғимарат қолданысқа тапсырылады. Олар террариум, авиата, тасбақа, жапон макактары вольерлері және жұмысшылар ғимараттары. Бүгінге дейін зообақ бірнеше халықаралық деңгейдегі жетістіктерді бағындырған. Мысалы, мекеме хайуанаттар мен аквариумдардың Еуро-Азия (ЕАRAZA) аймақтық қауымдастығының мүшесі.
Мекеме басшысы Нұрғазы Бұхарбай 2025-ші жылға дейін зообаққа келушілердің санын 1 млн-ға жеткізу жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл көрсеткішке жету үшін әртүрлі бағыттардағы ұсыныстар талқыланып, жол картасы жасалуда.
Рүстем Ашетаев.