БАС МҮФТИ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЙ БАҒАСЫН ҚЫМБАТТАТПАУДЫ СҰРАДЫ
Кеше еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай Қажы Тағанұлы Құрбан айт мейрамына қатысты кәсіпкерлерге үндеу жасады.
Өз кезегінде еліміздің бас имамы Құрбан айт кезінде орындалатын негізгі амалдардың бірі – Құрбан шалу екенін айта келе, «Айт күндері халық тарапынан мал сатып алуға деген сұраныстың арта түсетіні белгілі. Осы ретте еліміздегі барша шаруа қожалықтарының қожайындарын ұлық мейрам – Құрбан айттың құрметіне мал құнын шарықтатпай, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырамын. Сонымен қатар, барша кәсіпкерлерді тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын сату кезінде мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін»,-деді.
Сондай-ақ ол, жамағатты Алланың рақым нұры төгілетін Құрбан айтта жұртымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленуге шақырды. Бұдан бөлек, Наурызбай Қажы Тағанұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлердегі шаруаларға қолдау көрсету мақсатында «Қиындықта ел бірге» атты қайырымдылық акциясын бастағанын жеткізді. Акция аясында Қызылорда, Маңғыстау облыстарына жем-шөп жөнелтілетінін айтып, халықты игі іске үлес қосып, сынақты сәттерді бастан кешіп отырған отандастарымызға қол ұшын созуға шақырды.
«Уақыт».