ҚУРАҒАН КӨШЕТТЕРГЕ РАСЫМЕН ДЕ ҚҰРҒАҚ КЛИМАТ КІНӘЛІ МЕ?

Онда, неге оған жауаптыларға артылған жауапкершілік
күшейтіліп отыр?

Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанға жасаған сапары кезінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтың жасап жатқан жұмыстарын оң бағалап, қолын алып, арқасын қаққан еді. Сол кезде өзіне мұндай бағаның берілгеніне дән риза болған Өмірзақ Естайұлының көп ұзамай Түркістанда қурап жатқан тал дарақтар үшін жерге қарап, ұялатынын кім біліпті? Бүгінде Түркістанда қаласында егілген көшеттердің біразының көктемей, қурап жатқанын айғақтайтын фотолар интернеттің бетінде иін тіресіп тұрмаса да, жиі жүктеліп кетті. Сорақысы олардың қаланың шетінде емес, орталық көшелерінде кездесіп жатқаны да көгалдандыруға жұмылған мамандардың жұмысқа жүрдім-бардым қарап жүргендерін көрсететіндей. Бірақ аймақ әкімі Өмірзақ Шөкеев мәселені қолға алуға кірісіп кетті.

Айта кетейік, Түркістан қаласын көгалдандыру үшін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына орай, шаһар 32 секторға бөлінген болатын. Ол аумаққа барлығы 33 мың ағаш егілген. Әр сектордағы көгалдандыру жұмысына аудан, қала әкімдіктері мен облыстық басқармалар жауапты болып белгіленген еді. Енді бұл мақсатқа жұмылғандар көшеттерді отырғызып қана қоймай, олардың тамыр тартып көктеуіне де басымен жауап беретін боалды.
Осы аптада облыс әкімдігінің апталық мәжілісі отырысы кезінде Өмірзақ Шөкеев 32 секторға бөлінген жасыл желекке жауаптылардың күніне екі рет көшеттердің күтімі өз деңгейінде болып жатқанын електен өткізіп, тексеру туралы тапсырма берді. Өз кезегінде ол шаһар тұрғындарының тынысын кеңейтетін жасыл аумақ жайқалып тұруы үшін бұл бағыттағы жұмысты жан- жақты жұмыла жанашырлықпен атқаруды айтты. Бұдан өзге облыс әкімі көгалдандыру тек санаулы адамдарға жүктелген іс емес екенін, ол көпшіліктің қолымен алға басатын сауапты іс екенін алға тарта отырып, «Көгалдандыру – көптің ісі. Бұған бәріміз қатысуымыз керек. Бүкіл ел болып, жабылып, егілген көшеттерді көгертуге атсалысқан жөн. Тұрғындар да жұмылып, жанашырлық танытса. Соншама еңбек зая кетпесін. Әр ағаштың түбін тексеріп шығыңдар. Суарылған, тыңайтқыш қолданылған болсын», — деді.
Қаланы көркейтіп, экологиялық жағдайын жақсарту үшін қолға алынған бұл шарада көшеттердің қурамай, көктеп кетуі үшін әр сектор аумағында ұңғымалар қазылып, жер асты сулары пайдалануда. Жергілікті билік талдың түбіне су жетуі үшін тамшылатып суару әдісі қолданылуда екені, жасыл көшеттерді желден, суықтан және басқа да сыртқы факторлардан қорғау үшін ағаштар қорғаныш жіппен байланып, тіреулермен қоршалғанын мәлімдеуде. Соған қарамастан егілген ағаш көшеттері жаппай жайқалып өспей, арасында қурап көзге қораш көрініп жатқандары кездеседі. Мұны жергілікті билік Түркістан қаласының климатымен байланыстырады. Олар білікті мамандар мен ғалымдардың климаты тым құрғақ, аптап ыстығы мен аңызақ желі бар жерде жасыл желекті жайқалту оңай шаруа емес екенін талай рет айтып келе жатқанын алға тартады. Дәйек ретінде көшеттердің жерсінуі өзге өңірлерде 70 пайызды құраса, Түркістан аумағында бұл көрсеткіш 50 пайызға жететінін тілге тиек етеді.
Сонда Түркістандағы көшеттердің көктемей жатып, қурап кетуіне климат кінәлі болса, секторға жауапты болып бекітілген аудан, қала әкімдіктері мен басқармаларды қадағалау жұмыстарын күніне екі рет тексеріп пысықтаудың қажеті қанша? Әкімдіктегілер мен басқармадағы мамандар енді күнделікті жұмысынан бас көтеріп, бір емес екі рет көшеттерді бақылап жүргенде негізгі жұмыстары ақсап қалмасына кім кепіл береді?