ЖОЛАУШЫЛАР ВАГОНЫНЫҢ ЖАРТЫСЫНА ЖУЫҒЫ ТОЗҒАН
Елімізде жүрдек пойыз вагондарының тиісті талаптарға сай емес екені туралы шағымдар жиі айтылады. Қазақстан Республикалы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов вагондардың жай-күйі туралы шағымдар әділ екенін айтады. Себебі елімізде теміржол көлігі саласы бойынша жолаушылар паркі шамамен 2,6 мың бірлікті құраса, олардың орташа тозуы 46 пайызды құрайды екен.
Сапаны көтеру үшін былтыр «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ 4,0 млрд теңгеге «Тұлпар» зауытының отандық өндірісінің 100 вагонын сатып алған. Биыл 14,7 млрд теңгеге 31 жолаушылар вагонын сатып алу көзделіп отыр. Жаңа вагондар Алматы-Маңғыстау және Алматы-Атырау бағыттарына қойылатын болады. Еліміздің индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 2025 жылға дейін бюджеттік несиелендіру аясында 295 жолаушылар вагонын жаңарту жоспарланып отырғанын мәлімдейді.
Қазіргі таңда елімізде теміржол көлігі саласында 135 мыңнан аса адам еңбек етеді. Оның ішінде 125 мыңы «ҚТЖ» ҰК» АҚ қызметкерлері болса, қалған 10 мыңы жеке компанияларда жұмыс істейтін мамандар болып табылады.
Ел аумағында темір жолдар 21 мың шақырымға жайылған. Бүгінде олардың пайдалану ұзындығы 16 мың шақырымды құрайды. Жыл сайын 600 шақырым магистралдық жүрдек пойыз жолы күрделі жөндеуден өтеді.
Сондай-ақ, биыл пандемияға байланысты 41 пойыздың қозғалысы уақытша тоқтатылған. Оның 21-і халықаралық байланыс санатындағы қозғалыс болып табылады.