«БОЗАРЫҚ» ҚҰРЫЛЫСЫ БАҚЫЛАУДА

Шымкенттегі бірқатар аудандарда жарық жайы мәселе күйінде қалып отыр. Мәселенің түйінін тарқатуда «Бозарық» қосалқы станция құрылысының аяқталуы үлкен маңызға ие. 

Сала мамандары 2015 жылдан бастап қолға алынған нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары маусым айында аяқталатынын мәлімдейді. Қуаттылығы 160 МВт қосалқы станция пайдалануға берілсе Шымкенттегі «Тұран», «Шымкент сити», «Асар-2», «Бозарық», «Бозарық-1,2,3», «Достық», «Солтүстік саяжай», «Ынтымак-2», «Батыс», «Қайнар-бұлақ» шағын аудандары сапалы электр жарығымен қамтылатын болады.
Жалпы «Бозарық» жобасының жалпы құны – 7,9 млрд теңге. Қуаттылығы 160 МВт қосалқы станцияның құрылысына жауапты мердігер мекеме – «Аврора Констракшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып табылады.
Жуырда қала әкімі Мұрат Әйтенов әлеуетті нысанның құрылыс барысын аралап көрді. Шаһар басшысы жауапты тұлғаларға құрылысты сапалы орындап, өз мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Қазіргі таңда нысанның бірқатар құрал-жабдықтарын (220 кВ автотрансформатор, 220 кВ КРУЭ, 110 кВ КРУЭ) орнату жұмыстары аяқталды. Басты құрал-жабдықтары толығымын жеткізілген. Әзірге бірқатар құрылыс-монтаж жұмыстары қалған.
Құрылыс-монтаж жұмыстарын 2016-2021 жылдары жүзеге асыру жоспарланған. Мердігер мекеме басшылары құрылысты биыл маусым айында аяқтауды жоспарлап отыр.