АЛҒЫС АРҚАЛАҒАНДАР АЛҒЫС ХАТ АЛДЫ

Газетіміздің өткен санында Шымкентте қала әкімдігінің бастамасымен қолға алынған «Рамазан – қайырымдылық айы» акциясы аясында қасиетті Рамазан айында 32 мыңнан аса адамға Рамазан қоржыны тарытылғанын, бұл республика бойынша үздік көрсеткіш екенін айтқан болатынбыз. 

Кешегі аптада түрлі деңгейдегі қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, «Рамазан – қайырымдылық айы» акциясының жоғары деңгейде жүзеге асуына өз үлесін қосқан бірқатар азаматтарға қала әкімі Мұрат Әйтеновтің атынан Алғыс хат табысталды.
Шаһар басшысының арнайы жолдаған Алғыс хатын Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов табыс етті. Ол сауапты істің басы-қасында жүрген азаматтарға игілік тілеп, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен «Шымкент – қайырымды қала» жобасы аясында аянбай қызмет етуге шақырды.
Алғыс хатқа «Зекет және қайырымдылық» қорының Шымкент қаласындағы өкілі Айбек Азимбаев және Алжан Садиев, Ержігіт Досымбаев, Нығмет Айдаров, Ерхан Әбіш т.б кәсіпкер азаматтар ие болды.
Айта кетейік, қасиетті Рамазан айында қаладағы 32 мешіт тарапынан 42 255 адамға құрамында су, құрма, нан, кәмпит, ыстық тамақ, айран т.б. жылы жұмсақтары бар «Ауызашар себеті» үлестірілсе, кәсіпкерлер мен мешіт жамағаты тарапынан 32 500 мұқтаж отбасыға азық-түлік (ұн, май, шәй, күріш, қант, тұз, ет және макарон өнімдері, тәттілер, құрма, картоп, пияз, сәбіз, т.б) салынған «Рамазан қоржыны» таратылып, жеткізілді. Жалпы қасиетті айда 74 755 мұқтаж отбасыға көмек берілді.