ҚАЗАҚСТАНДА ҚОС АЗАМАТТЫҒЫ БАР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ЖИІ ТІРКЕЛЕДІ…

Кінә кімде, кінарат неде?

Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін атқарған Олег Почиваловтың қос азаматтығы бар екенінің сот шешімімен расталғаны «бәрі Шымкенттен шығады» деген екіұшты пікір туғызатын сөзді тағы бір еске түсірді.

Олег Почивалов үшінші мегаполистің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы қызметіне өткен жылдың 20 маусымында тағайындалған болатын. Бірнеше ай өткеннен соң ашық ақпарат көздерінде оның Қазақстанмен қатар Ресей Федерациясының азаматтығын алғаны туралы ақпараттар жиі айтыла бастады. Көп ұзамай бұл деректі Шымкент қалалық Полиция департаментінің көші қон қызметі басқармасы растады. Ағымдағы жылдың 2-ақпанында құзырлы орган оның еліміздің Қазақстан азаматтығынан басқа екінші азаматтық алуға тыйым салынған заң талаптарын белден басқанын хабарлады. Осыған орай ақпан айының басында қалалық Полиция департаментінің азаматтық және иммиграция бөлімі Олег Почиваловқа қатысты тиісті орган ҚР Азматтық туралы Заңының 21-бабы 5-тармағына сәйкес (21-бабы 5-тармағы егер адам басқа мемлекеттің азаматтығын алған болса) оны Қазақстан Республикасы азаматтығын айырады. Бұл уақытта О. Почивалов демалыста болады. Бірнеше күннен соң дәлірегі 8-ақпанда ол қалалық Полиция департаментінің бұл мәлімдемесімен келіспей, сотқа талап арыз түсіреді де, жұмысына кірісіп кете береді. Шымкент қалалық Әл-Фараби аудандық соты Олег Почиваловтың Ресей Федерациясының азаматтығының алғанын анықтап, оның талап арызын қанағаттандырмайды. Аудандық сот 22-ақпандағы өз шешімінде оның өзге елдің азаматтығын алғаны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің хатымен де, РФ ІІМ жауабымен де расталғанын келтірген.
Әл-Фараби аудандық сотының дерегінше О. Почивалов Ресей Федерациясының азаматтығын 2005 жылы алған. Ал паспортты 2007 жылы иемденген.
Сот ісіне нүкте қойылғанға дейін Почивалов өз қызметін атқарып келген. Осыдан соң 25-ақпанда Шымкент қаласы әкімінің өкімімен қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почивалов қызметінен босатылады. Одан алдын Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев О. Почиваловтың қалалық Полиция департаментінің үстінен сотқа шағым түсіргенін, енді оның жұмыстан босатылуы немесе босатылмауы сот шешімінен соң белгілі болатынын мәлімдеген. Алайда Шымкент қаласы әкімінің О. Почиваловты жұмыстан босату туралы өкіміне негіз болған Шымкент қалалық полиция департаментінің ағымдағы жылдың 2-ақпанында жолдаған хаты екенін көрсеткен.
Айта кетейік, Олег Почивалов бұған дейін «Қазақстан спорттық ату федерациясы» ҚБ»-ның бас хатшысы, Азия ату конфедерациясы Бас Ассамблеясының атқарушы комитетінің мүшесі (ASC), «Ату түрлерінен олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК»-ның директоры қызметтерін атқарған. Оның Стенд ату бойынша Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы тағы бар.
Елімізде қос азаматтығы бар шенеунік тек О. Почивалов па? Жуырда мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде «Қазақстан қос азаматтыққа тыйым салынған көптеген елдің тобына кіреді. Тиісті норма Конституциямызда да бар. Дегенмен соңғы уақытта тіпті мемлекеттік қызметшілерде қос азаматтықтың бар екендігі туралы фактілерді жиі тіркеп жүрміз. Бұған белгілі себептермен жол беруге болмайды. Бұл өте байыпты мəселе. Өйткені ұлттық қауіпсіздігімізге қатысты. Мұндай фактілердің жолын кесу қажет» дегенін еске түсірсек, Почиваловтың керін кигендер көп-ақ екенін айқын аңғаруға болады. Бірақ кінә кімде, кінарат неде екені нақты айтылмай келеді.

А.САТЫБАЛДЫ.