ШЫМКЕНТТЕ КЕРЕМЕТ ЖОБАЛАР ЖАСАП ЖАТҚАН ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАРДЫ КӨРДІМ
Шымкенттегі Silkway Халықаралық университетіне бардым. Қаланың мәртебесін көтеру мақсатында керемет жобалар жасап жасап жатқан жалынды жастарды көрдім. Олар екінші WatsApp немесе Google құруға тырыспайды. Бірақ қала үшін шынымен пайдалы жобалар жасауда. «Су ресурстары — Маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып ІТ мамандар тек жастар ғана емес екеніне таң қалдым.
Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Шымкенттегі қызметтік сапары туралы инстаграм парақшасында жазған жазбасында осылай деген.
Ведомства басшысының күнгейдегі сапарының басты мақсаты қаланы цирфрландыру бойынша атқарылған жұмыстармен танысу-тын. Алдымен ол әкімдікте қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен мәжіліске қатысты. Жиында қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Абдрахманов мегаполисте цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Естеріңізде болса, былтыр қала тұрғындарын толықтай сапалы интернетпен қамту үшін тиісті министрлікпен бірлесіп Жол картасы әзірленген. Соған сәйкес, 3 кезеңнен тұратын жұмыс жоспары жасалған. Бірінші кезең бойынша өткен жылы қалада арнайы таңдалған 11 жер учаскесіне антенна-матчталық қондырғылар қойылды. Нәтижесінде «Алтынтөбе», «Асар», «Асар-2», «Ақтас-2», «Көкбұлақ», «Солтүстік-батыс», «Достық», «Тұран», «Айкөл» және «Шымкент сити» шағын ауданындағы екі жерде базалық станциялар іске қосылған. Биыл қаланы интернетпен қамту жоспарының екінші кезеңі бойынша матчталық қондырғылар орнатылатын 13 жер анықталып, базалық станцияларды іске қосу жұмыстары жүруде.
Сонымен қатар, 30 жерде «Ақылды күнбағыс» ақпараттық танымдық жүйесі іске қосылды. Аталған жүйе саябақтар мен қоғамдық орындарда тұрғындардың телефондарын қуаттап, жалпыға қолжетімді Wi-Fi пайдалануына мүмкіндік береді. Құрылғы күн көзінен қуат алатын панельдер мен аккумуляторлар арқылы жұмыс жасайды. Мұндай қондырғылар жыл соңына дейін қосымша 30 орында орнатылады.
Осы деректерді алға тартқан Әсет Абдрахманов қаладағы білім және денсаулық саласының толығымен электронды форматқа көшірілгенін атап өтті. Қоғамдық көліктерде электронды билеттендіру жүйесінің енгізілгенін де жеткізді
— Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласына қатысты 2 жобаны қолға алдық. Сондай-ақ, «Ақылды жаяу жүргінші жолы», «Ақылды есептегіш» секілді жобаларды жасау жоспары тұр. «Ақылды көше шамдары» жобасына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 303 көше жарықтандырылады. Нәтижесінде мегаполисті жарықтандыру 70 пайызды құрайды, — деді Әсет Абдрахманов.
Дәл осы мәселеге қатысты жобалар өткен айда жетінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс екінші сессиясында мақұлданған болатын. Жобаға сәйкес, сыртқы жарықтандыру желілерін салу, яғни, 14264 дана жарықдиодты шам, 14264 дана бағана мен 436 шақырым кабель жүргізіледі. Нәтижесінде төрт жылда 303 көше жарықтандырылатыны айтылған.
Өз кезегінде Бағдат Мусин Шымкентте қаланы цифрландыру бағытындағы нәтижелі жұмыстарды оң бағалады. Бірқатар жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтты.
“Пилоттық жобалардан негізгі жобаларға жылдам өту керек. Тұрғындармен қарым-қатынасты нығайту қажет. Орталықтағы маман өңірді жақсы білуі өте маңызды. Құрылысы жүріп жатқан үйлерге оптикалық интернет тарту су, газ, жылу жеткізу сияқты бірінші кезектегі шаруа болуы керек. Өзге қаланың мамандарымен тәжірибе алмасып, бірге жұмыс жасауға да болады”,- деді Бағдат Мусин.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні келтірілген тапсырмасын Бағдат Мусин өз парақшасында былай деп тарқатып түсіндіреді.
– Шалғай әрі аз қоныстанған ауылдарды жылдам интернет ұялы байланыс толқынына қосатын «250+» бағдарламасы бойынша Шымкентте былтыр 11 елді мекенге базалық станциялар орнатылған. Аталған бағдарлама аясында жылдамдықтың ең төменгі көрсеткіші 3G -1 мбит/с кем емес, 4G -5 мбит/с кем емес болып белгіленген. Шымкентте «250+» бағдарламасы бойынша интернетке қолжетімділік жүргізілген бірқатар елді мекендерді араладым. Жағдай мәз емес. Операторлар байланыс қызметтерін сапалы ұсынуы тиіс. Ауыл шаруашылығы саласы процестерді цифрландыру есебінен де дамыған. Мұндай инновациялық жобаларды дамыту қажет. Оның есебінен тек өнімділік артып қана қоймай, экспорт көлемі де көбейеді. Үздік стартаптарды қолдау қажет. Өңірде ІТ мамандар аз. Бірақ талпыныс бар. Жергілікті әкімдікте деректер қоры жеткіліксіз. Аймаққа қатысты мол мағлұмат ведомстваларда ғана бар. Сол үшін де әкімдік өзіне қарасты елді мекендердегі жағдайларға қанығатын мәліметтер алу үшін министрліктен ақпарат алады. Тиісті деректер әкімдік үшін жедел әрі ашық болуы керек. Жұмыс сапасын жақсарту үшін министрлік мамандарымен тәжірибе алмасуды жолға қою қажет.
Айтылған тапсырма бойынша қандай шаралар қабылданатыны алдағы күннің еншісінде.