ҮШІНШІ ТОҚСАН ӨЗ УАҚЫТЫНДА ҚОРЫТЫЛАДЫ

Биыл мектеп оқушылары үшінші тоқсаннан кейінгі демалысқа 20-наурызда шығады. Демалыс уақыты 12 күнге яғни, 31-наурызға дейін жалғасады. Төртінші тоқсан бойынша сабақ 1-сәуірде басталады.

Бұл туралы еліміздің Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Естеріңізге сала кетсек, былтыр үшінші тоқсан пандемияға байланысты мерзімінен бұрын қорытындыланған. Соған сәйкес, оқушылар көктемгі демалысқа жылдағыдай 20-наурыздан бастап емес, 16-наурызда шығарылған. Сол кезде еліміздің бас ұстазы Асхат Аймағамбетов елде эпидахуал тұрақтанбайтын болса, төртінші тоқсанда қашықтан оқытуға көшу туралы шешім қабылданатынын ескерткен.
Коронавирусты жұқтыру бойынша сақтық шараларын күшейту мақсатында былтыр төртінші тоқсанда барлық оқушылар қашықтан оқыту форматына көшірілген еді. Онлайн форматта білім алу 2020-2021 жылғы жаңа оқу жылында да жалғасты.
Жыл басынан бері елімізде эпидахуалдың тұрақталуына байланысты оқу жылының 3-тоқсанынан бастап бітіруші 9,11,12 сынып оқушылары санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, аралас оқыту (пәндердің 70 пайызы – дәстүрлі форматта, 30 пайызы – қашықтан) форматына көшірілген болатын.
Ал 1-наурыздан бастап 1-5 сынып оқушыларының мектепке еркін баруына рұқсат етілді. Тек сыныптардағы бала саны 25-ке дейін болу керектігі ескертілді. Ал 6,7,8 және 10 сынып оқушылары сабақтарын қашықтан оқып жүр.

«Уақыт».