МЕМЛЕКЕТ ПӘТЕРІНДЕ ЗАҢСЫЗ ОТЫРҒАН ЭКС-ПРОКУРОР ТУЛЕНТАЕВ КІМНІҢ «БАЖАСЫ»?
Қазір қоғамда күйіп тұрған көп мәселенің ең негізгісі баспана екені бәріне белгілі. Бұл туралы таяуда ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нығырлап атап өтті. Ұлттық қоғамдың сенім кеңесінің бесінші отырысында Президент елімізде тұрғын үй құрылысының қарқыны өскенмен, пайдалануға берілген дайын үйлердің 40 пайызы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сынды ірі қалалардың үлесінде екенін айтты.
Былтыр үшінші мегаполисте «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында барлық қаржы көздері есебінен жалпы аумағы 1 миллион шаршы метр болатын 262 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Ондағы пәтерлер саны 14 мыңнан
асып жығылады.
Жыл қорытындысымен 649,1 мың шаршы метр тұрғын үйлер іске қосылды. Бұл сан деректер құлаққа майдай жаққанмен, қарқынды құрылыс арендалық тұрғын үй кезегін айтарлықтай жылжыта алмады.
Өткен айдың басындағы есеп бойынша Шымкентте арендалық тұрғын үй алуға мұқтаж адамдардың кезегіне тіркелген азаматтар саны 42269-ға жеткен. Бір жыл ішінде кезекке тұрғандар саны 1750 адамға көбейген. Ал үй алған мұқтаж азаматтар саны кезекке тұрғандардан әлдеқайда аз.
2020 жылдың қорытындысы бойынша кезекте тұрған 1596 адам жылдар бойы күткен пәтеріне қол жеткізіп, қоныстой жасаған. Ал қырық мыңнан астам қалған отбасы осы күнге дейін баспана тауқыметін тартуға мәжбүр. Олардың жартысынан астамы халықтың осал тобына жататын азаматтар, көп балалы отбасылар, жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, тұрғын үйі апатты деп танылғандар. Ал қалған бөлігі мемлекеттік мекеме, бюджеттік ұйым мен әскери қызметтегі азаматтар.
Осы аталған азаматтарға мемлекеттің тұрғын үй қорынан заң талаптарына сай баспана бөлу тәртібі сақталып отыр ма? Олар қаншалықты әділ әрі ашық бөлініп отыр? Мемлекеттің тұрғын үй қоры талан-таражға салынып отырған жоқ па? Бұл сұрақтар тек билік пен қоғамды ғана емес, бізді де толғандырады.
Редакциямызға келіп түскен азаматымыздың өтініші бойынша жүргізілген журналистік зерттеу барысында біз мемлекеттің тұрғын үй қорынан кейбір азаматтарға пәтерлер заңға қайшы табысталғанына көз жеткіздік. Кезінде пәтерге мұқтаждар кезегіне заңды есепке алынғанымен, бірнеше жылдан кейін мұқтаждар қатарынан шығып қалса да заңсыз пәтер бөлінген азаматтардың бар екені, одан қалса ол пәтер уәкілетті мемлекеттік мекеменің талап арызы бойынша шығарылған сот шешімімен мемлекет қорына қайтарылуға жатқызылса да, әлгі азаматтың екі жылдай пәтерді босатпай отырғаны белгілі болып отыр. Бұл тұрғыда заңды құжаттарды зерделеу барысында анықталған қолымыздағы молырақ дәлелдерді басшылыққа ала отырып, қоғамның да пікірін білейік деген мақсатпен мән-жайды рет-ретімен баяндасақ деп отырмыз.
Біз сөз ететін мәселе 2016 жылдың сәуір айында Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысымен азамат О.С. Тулентаевқа «Нұрсәт» тұрғын алабынан бір бөлмелі пәтердің берілуінен басталады. Азамат О.С. Тулентаев 2004 жылы мемлекеттік қызметші ретінде тұрғын үй кезегіне тіркелген. Дәл сол кезде ол облыстық Қаржы полициясының қызметкері болып табылған. Оған дейін ол Алматы қаласы прокуратурасының прокуроры болған. Алматы қаласының Әділет басқармасында, Астана мен Оңтүстік Қазақстан облысында соттар әкімшісінде еңбек еткен. Алайда 2008 жылы О.С. Тулентаевтың мемлекеттік қызметтегі өтілі бізге белгісіз себептермен кілт тоқтайды. Бірақ, қалалық тұрғын үй қатынастары басқармасындағы тұрғын үй кезегіне мұқтаж азаматтардың тізімі бойынша дерекқорда ол мемлекеттік қызметкер санатындағы кезектен алынып тасталынбай аттай сегіз жыл кезекте қала береді. Тұрғын үй бөлу комиссиясының бұл салғырттығы О.С.Тулентаевтың оң жамбасына келеді. Яғни, комиссия 2016 жылы «кезегі келген» О.С. Тулентаевтың құжаттарын қайта тексермей, зерделемей оған бәріне тартымды Шымкентіміздің төріндегі «Нұрсәт» тұрғын алабынан бір бөлмелі пәтердің кілтін табыстайды. Бір қызығы пәтер кілті берілген кезде заңгерлік білімі бар О.С.Тулентаев мемлекеттік қызметтен шығып кеткенін айтпай, сырын ішіне сақтап «сен тимесең мен тименің» кебін кигені айдан анық. Ал кезекте тұрғандарға үйді үлестіретін тұрғын үй комиссиясының О.С.Тулентаевқа қатысты көп деректерге қалай көз жұма қарағаны басы ашық сауал болып қала береді. Көп ұзамай «өтіріктің аяғы бір-ақ тұтамның» кері келіп, О.С.Тулентаевқа пәтердің заңсыз берілгені анықталады. Бірақ жергілікті әкімдік пен Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық прокуратурасы, Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы бұл заңсыздықтан хабардар бола отыра, сөзсіз дәлелге, даусыз дерекке көз жұма қарап келеді. Алайда, 2016 жылдың тамыз айында ҚР Бас прокуратурасы О.С.Тулентаевқа пәтердің заңсыз берілу фактісі бойынша өңірдегі қадағалаушы орган мен жергілікті атқарушы органға заң аясында нақты шараларды жүргізу туралы ұсыныс береді. Облыстық прокуратура Бас Прокуратураның бұл ұсынысы бойынша нақты шаралар қабылдауда самарқау қимылдайды. Тек 5 айға жуық уақыттан соң ғана бұл ұсынысты қарап, әкімдікке О.С. Тулентаевқа заңсыз берілген пәтерді мемлекеттің тұрғын үй қорына қайтаруды, ал өрескел қателікке жол бергендерге тәртіптік шара көру туралы ұсыныс жолдайды.
Бұл ұсыныс 2017 жылдың қаңтарында қала әкімдігінің тұрғын үй комиссиясының отырысында қаралып, комиссия О.С. Тулентаевпен әкімдіктің 2016 жылдың 15-наурызында рәсімделген тұрғын үйді жалдау шартын бұзу және өзін тұрғын үйден шығару туралы шешім қабылдап, заңбұзушылықты жояды. Бұл туралы хабарламаны үш рет алған О.С.Тулентаев міз бақпайды. Керісінше өзіне пәтер берген әкімнің қаулыларын заңды деп танылсын деген талап-арызын ту ғып ұстап, Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотына жүгінеді.
Заңдылықтың сақталуының кепілдігін қамтамасыз ететін Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық соты, прокурордың қатысуымен өзінің 2017 жылғы маусым айының шешімімен О. С. Тулентаевтың талабын қанағаттандырусыз қалдырады. Бұған да көнбеген О. С. Тулентаев сот шешіміне апелляциялық шағым түсіреді. 2017 жылдың 4-қыркүйегінде Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының қаулысымен Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының шешімі өзгеріссіз қалдырылады. Бұдан кейін де О. С. Тулентаев ҚР Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына өтініш түсіреді. ҚР Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ш. С. Иманиязова бұл өтінішті аталған инстацияның сот отырысында қарауға беруден бас тарту туралы Қаулы етеді.
Бірақ аталған сот шешімдерін О. С. Тулентаев өз еркімен орындаудан бас тартып, сабындай бұзылған соң «Шымкент қаласының тұрғын үй қатынастары» мемлекеттік мекемесі О. С. Тулентаевқа берілген пәтерді мемлекетке қайтару мақсатында оны басқа тұрғын үй берместен тұрғын үйден шығару туралы талап арыз беруге мәжбүр болып, сотқа арыз түсіреді.
Түйіп айтқанда, 2018 жылдың 3-қаңтарында Шымкент қаласының Қаратау аудандық соты талапкер «Шымкент қаласының тұрғын үй қатынастары» мемлекеттік мекемесінің жауапкер О.С. Тулентаевтың басқа тұрғын үй берместен тұрғын үйден шығару туралы талап арызын қанағаттандырады.
Алайда О.С. Тулентаев Қаратау аудандық сотының бұл шешіміне келіспей шешімді апелляциялық және кассациялық сот сатыларында даулайды. ОҚО-ның апелляциялық сот алқасының 28.03.2018 жылғы қаулысымен және ҚР Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 16.07.2018 жылғы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылады.
Заң талаптарына сай ОҚО-ның апелляциялық сот алқасының 28.03.2018 жылғы қаулысы сол күні күшіне енгеніне қарамастан О.С. Тулентаев пәтерден шыға қоймайды.
Шымкент қаласы әкімінің қарамағындағы мемлекеттік қызметкерлерінің, заңдылықты қадағалауға міндетті прокуратура прокурорларының, Шымкент қаласының Әділет департаментінің мемлекеттік сот орындаушыларының әрекетсіздігін пайдаланған О. С. Тулентаев пәтерден шықпау үшін сот шешімінің орындалуын ұзарту туралы Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотына екі рет арыз түсіреді.
Нәтижесінде тығырықтан шығудың түрлі тәсілін қолдануға әбден машықтанған ол Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотының 2019 жылдың 24-шілдесімен шығарған (судья Ә.Ағманов) және Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотының 2019 жылдың 10 желтоқсанымен шығарған (судья А.Сапашев) сот шешімдерімен О.Тулентаевтың «2018 жылдың 3-қаңтарында Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотының талапкер «Шымкент қаласының тұрғын үй қатынастары» мемлекеттік мекемесінің жауапкер О.С. Тулентаевтың басқа тұрғын үй берместен тұрғын үйден шығару туралы талап арызын қанағаттандырғаны» туралы сот шешімінің орындалуын үш ай мерзімге ұзарту туралы арызын қанағаттандырған екі сот ұйғарымдарын шығартып алады.
Бізге мәлім деректерде заң талаптарында азаматты мемлекет қорындағы пәтерден шығару туралы сот шешімін орындауды ұзарту мүмкіндігі тек халықтың осал тобына жататын азаматтар үшін беріледі. Бірақ судья Ә.Ағманов пен А.Сапашев өз шешімдерін шығару барысында О.Тулентаевтың сотқа «осал топтар қатарына жататынын» растайтын заңды құжат тапсырмаса да оның пайдасына шешім шығарып беруін қалай түсінуге болады? Ал, мемлекет қорындағы пәтерді мемлекетке қайтаруға міндетті «Шымкент қаласының тұрғын үй қатынастары» мемлекеттік мекемесі, Шымкент қаласының Әділет департаментінің мемлекеттік сот орындаушысы қолданыстағы заң талаптарына сәйкес бұл ұйғарымдарды жоғары сот сатыларында дауламай, экс-прокурор О.Тулентаевтан ығып жүргенін қай ақылға сыйғызамыз?
Айтпақшы, ұйғарым бойынша О. С. Тулентаевты пәтерден шығару мерзімі ұзартылған күннің уақыты (2020 жыл 20-наурыз) түгесілгеніне міне бір жылға жуық уақыт та өтті…
Осы мәселе бойынша біздің Шымкент қаласының прокуратурасына жолдаған сұраныс хатымызға Шымкент қаласының Қаратау аданы прокурорының м.а. прокурор Ә.Мұсаевтың 01.03.2021 жылғы берген жауабында «қазіргі таңда, жауапкер О.Тулентаевқа қатысты атқарушылық іс өндірісі бойынша атқару әрекеттері қыс мезгіліне байланысты уақытша тоқтатылған» деп қысқа қайырады. Қаратау ауданы прокурорының мұндай шешімге тоқтауда нақты қай заңға сүйенгенін көрсетпеуі бұл мәселеге жүре қарап жүргендей әсер тудырады.
Жалпы мемлекеттің тұрғын үй қорындағы пәтерді заңсыз алған О.С. Тулентаевқа қатысты мәселе бойынша Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасы, Әділет департаменті мен қала прокуратурасы біз қойған сұрақтарға созымды жауаптар бере алмаған.
Айталық, Шымкент қаласының Әділет департаментінің орынбасары А.Исабекова бізге берген жауабында сот актілерін орындамаған азаматқа ҚР Қылмыстық кодексінің 430 бабымен және ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 669 бабы бойынша жауапкершілік көзделетін қағидаларды кім және қай мемлекеттік органдар жүзеге асыратыны, тиісінше неге асырмай отырғаны туралы тұщымды жауап бермегені қоғамға, басшыларға терең ой қалдыру керек.
Ал қалалық тұрғын үй басқармасы Ғалымжан Төлепов болса «О.С.Тулентаевтың мемлекет қорындағы пәтерді заңсыз пайдаланып отырған фактісі бойынша материалдық не т.б. шығындар бар ма?» деген сауалымызды жылы жауап қояды. Есесіне басқарма басшысы Ғ. Төлепов жауапкер Тулентаев пәтерден шығарылған кезде коммуналдық шығындар бойынша берешектер анықталған болса, тиісті төлемдер оның есебінен өндірілетінін туралы қайдағы-жайдағыны тілге тиек етеді.
Биліктегілердің бұл мәселеге қатысты көп сұрағымызға жауап беруге не үшін тосылғаны белгісіз?
Осылайша отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын экс-прокурор, экс-қаржы полициясы О. С. Тулентаевты пәтерден шығару биліктегілер үшін де, оқалы погон таққандар үшін де бұзылмайтын қамал, алынбайтын асуға тең үлкен шаруаға айналып отыр.
Тақырыпқа тұздық. Осы аптада казнетте Отырар ауданы Шәуілдір ауылында жол көлік ережесін өрескел бұзған шымкенттік жүргізушінің өзін тоқтатқан тәртіп сақшысына «Жұмабектің бажасымын» деп таныстырған видеосы тез тарайды. Жүргізуші «арқа сүйеген» Жұмабек Төлеген Отырар аудандық полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің басшысы болып табылатынын айта кетейік. Өз кезегінде видеода жүргізушінің құжатын сұратқан полицейге қазір артынан Жұмабек келетінін, құжатының жоқтығын айтып тәртіпке бағынбай жүріп кете бергені анық түскен. Оның бұл өрескел қылығын көлікте отырған досы видеога түсіріп, достарының ортақ чатына жолдайды. Өз өздеріне ор қазған бұл тентектердің қылығы қоғам наразылығын тудырады. Көпшілік түнгі уақытта Жұмабек «бажасына» сенген жүргізушінің кесірінен адамдар зардап шексе не болар еді деп оларды заң аясында тезге салуды сұрайды. Ал Түркістан облыстық полиция департаменті оқиғаның Отырар ауданында болғанын растады.
Біз бұл ақпаратты неге еске алып отырмыз? Мүмкін бір кездері прокуратурада, Қаржы полициясында еңбек етіп, жүйенің қыр-сырын жетік білетін Тулентаев та біреудің «бажасы» болғандықтан уәкілетті органдарға ырық бермей отырған болар…
Әйтпесе дәл осы жәйтке қатысты қолданыстағы заңымызда жұмсақ емес қой. Мәселе, заңды іске асыруға келгенде кейбір қызметкерлердің тасбақа жүрісі мен немкеттілігінде жатыр ма? Әлде О.С.Тулентаевты жайына қоя салатын Шымкентте тұрғын үй қоры жеткілікті ме? Жуырда Nur Otan партиясында болған қоғамдық қабылдауда алты баланың анасы тұрғын үй кезегіне тұра алмай жүргенін айтып, депутаттардан жәрдем сұрап келген. Ол бір кездері жалғызбасты ана ретінде үй кезегіне тіркелген. Бірақ азаматтық некедегі күйеуімен некесін заңдастырған кезде тұрғын үй кезегінен автоматты түрде алынады. Бұған ешқандай қарсы пікір айтпаймыз. Себебі, заң солай. Бірақ қалалық түрғын үй басқармасының мамандары О.С. Тулентаевқа келгенде заңда асты сызылып көрсетілген талаптарды орындауға неге құлықсыз танытқан? Әлде ондағы мамандар тек жетім мен жесірлерге келгенде ғана өз жұмысын біліп, қолында билік болған азаматтарға келгенде бұғып отыра бере ме?
Салтанат ИБРАГИМОВА.