БІР ДӘРІГЕРГЕ 1631 АДАМНАН КЕЛЕДІ

Шымкентте медициналық мекемелердің сапасын арттыру, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында барлық мекемелерге QR код енгізу жұмыстары жүргізілуде. QR код арқылы науқас дәрігер, медициналық мекеме туралы толық ақпарат алады.

Сондай-ақ көрсетілген медициналық қызметті бағалауға мүмкіндік туады. Бүгінгі таңда QR код қаладағы 14 мемлекеттік және 24 жекеменшік ұйымдарға енгізілді. Қызметті пайдалану үшін азаматтар ұялы телефонда QR код қосымшасын жүктеп алуы қажет.
Бұл шара мемлекет басшысының бастапқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту жөніндегі тапсырмасына орай қолға алынған.
Үшінші мегаполисте медициналық қызметтердің қадамдық қолжетімділігін іске асыру үшін 3 жаңа жеке медициналық ұйым атап айтқанда, «Sunkar Premium», «Otau Med», «Шымфарм» халыққа амбулаториялық деңгейде қызмет көрсете бастады. Осыған байланысты жекеменшік ұйымдарға азаматтардың көбірек тіркелу тенденциясы байқалған. Мәселен, өткен жылы жеке медициналық ұйымға 214 828 адам тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 291 612 тұрғынға жеткен.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, дәрігерлік жүктемені азайту бойынша атқарылған іс-шаралар да өз нәтижесін берген. 2018 жылы бір дәрігерге 2084 азамат тіркелсе, былтыр 1631-ге дейін азайған.
Сонымен қатар, 2020 жылмен салыстырғанда бұл жылы амбулаториялық-емханалық деңгейдегі дәрігерлер саны 7,6 пайызға, орта медициналық қызметкерлер үлесі 6,5%-ға өскен.