«ШЫМКЕНТ-ЦИРК» КӨРЕРМЕНІМЕН ҚАУЫШАДЫ
Елімізде 1-наурыздан бастап карантин талаптары жеңілдетілген болатын. Соған сәйкес «жасыл аймақтағы» өңірлерде цирктердің санитарлық талаптарды сақтай отырып жұмыс істеуіне рұқсат етілген. Бұл бір жылға жуық уақыт бойы онлайн режимде жұмыс істеп келе жатқан цирк ұжымы үшін де, цирк қойылымын тамашалауды көп күтіп жүрген көрермендер үшін де қуанышты жаңалық болды.
Осыған орай әлемдегі ең жас цирк «Шымкент-цирк» көрермендерге жаңа бағдарламасын ұсынғалы отыр. Бұған дейін айтылғандай ұжым қаңтардан бері «Дю Солей» циркінің үздік әдістемелерін пайдаланып, ұлттық колоритті сақтап, жаңа қойылым дайындауға кіріскен.
Сол кезде ұжым басшысы жаңа бағдарламалар аңдардың қатысуынсыз болатынын хабарлаған. Енді цирк жаңа бағдарламамен өз көрермендеріне есігін қайта ашқалы отыр.
«Шымкент-цирктің» өз көрермендеріне аңдардың қатысуынсыз қойылым көрсетуі биыл алғаш рет қолға алуда. Жаңа қойылым 5,8 наурызда сағат 16.00-де, 6,7 наурызда сағат 14.00-де өткізіледі. Бағдарламаның ұзақтығы 80 минут. Қойылымдар 5 жастан жоғары балалар мен ересектерге арналған. Билет бағасы 2000 теңгеден жоғары. Ұжымдық жеңілдіктер де қарастырылған. Билеттер онлайн кассаларда сатылады.
Бағдарламада әртістердің әуеде ұшуы, батылдық шеңберінде сақтандырусыз өнер көрсететін акробаттар, жас әртістердің дебюттік нөмірлері, клоундардың күлкіге толы репризалар секілді жаңа нөмірлер ұсынылады.
– Наурыз мерекесіне үлкен бағдарлама дайындап жатырмыз. Цирк өнерін жаңғырту, түрлі тәжірибелерді енгізуде бірқатар жоспарларымыз бар. Қазір күніне 10-20 қызметкердің дайындық жұмыстары жүргізілуде. Мерекелік тартулар әзірленуде,- деді цирк директоры Нұрлан Әділханов.