ӨРТ ПЕН УЛЫ ГАЗ КӨП БАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАРДЫ ҚАШАНҒЫ ОПАТ ЕТЕДІ?

Түркістан қаласында бір үйдің бес бірдей мүшесі бір күнде бақилық болды. Қалың жұрт үлкен күйзеліспен қабылдаған бұл жағдайды төтеншеліктер жылыту қондырғысының тиісті ережеге сай қолданбауымен байланыстырып отыр.

Үйде өрт болмаған. Жеке тұрғын үйдегі гофрадан жасалған мұржаның көгілдір отынға қосылған иран пешіндегі оттан шыққан түтінді тартуға шамасы келмеген. Салдарынан қабырға арқылы далаға 2 сантимертге ғана шығарылған гофра мұржа ысты үй ішіне қарай айдаған. Улы иіс үйдегі 2004, 2006, 2014, 2015 жылы туылған балалар мен олардың 1980 жылғы анасын улап, ажал құштырған деген болжам қойылып отыр. Ал отбасының отағасы бұл күні үйінде болмаған. Ашық ақпарат көздерінде оның Шымкентте ем қабылдап жатқаны жазылған. Қапыда көз жұмған төрт бала мен оның анасын туыстары Қызылорда облысы, Жаңақорған ауылында жерлеген.
Алдын ала болжам бойынша төрт бала мен оның анасы 26-ақпаннан 27-не қараған түні көз жұмған делінеді. Қайғылы жағдай туралы төтеншеліктер 27-ақпанда анықтаған. Дәл сол күні күн ұясына батқан уақытта облыстық төтенше жағдайлар департаментінің кезекші диспетчерлік қызметінің пультіне «103» қызметі қаладағы жекеменшік тұрғын үйде көршілері 5 адамның жансыз денесін тауып алғаны туралы хабарлама түсіреді.
Осы оқиғаға байланысты облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жағдайдың мән-жайын анықтау үшін құрылған комиссия мүшелерімен шұғыл жиналыс өткізіп, полиция департаменті мен төтенше жағдайлар департаментіне жан-жақты тергеу жүргізуді, кінәлілерді анықтап, оларды жазалауды тапсырды. Болған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Қара жамылған отбасының шаңырағына облыс әкімі арнайы барып, көңіл айтты. Олардың туыстарына қайғы жұтқан отбасыға қажетті көмектер көрсетілетінін де жеткізді. Жексенбі күні облыс әкімінің орынбасары Арман Жетпісбаев қайғы жұтқан отбасыға демеушілер есебінен 7 млн. теңге көлемінде көмек берілетінін мәлімдеді.
Болған оқиғаға байланысты облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан, қала әкімдеріне көгілдір отынға қосылған барлық үй мен әрбір мекемені қауіпсіздік қамы үшін қайта тексеріп шығуды тапсырды. Ол мұндай жағдай тағы да қайталанса ешкімге кешірім болмайтынын қадап айтты. Ал қалың ұйқыдан кейін оянбаған ана мен төрт баланың мәйіті шығарылған қаралы үйге газ құбырын тартқан мердігер мекеме тергеу қорытындысы шықпай-ақ жазалануы тиістігін ескертті.

С.НҰРАЙ.

P.S.

Жылыту мерзімі басталған шақтан бастап оқыс оқиғалардың болуы жиілейді. Әбден көз жеткізілген бұл дүниеге көз жұма қарап отыра беру тағы болмайды. Сол үшін де тиісті мамандар «сақтансаң, сақтайды» дегенді қаперге алып, өрт қауіпсіздігі жөнінде түрлі профилактикалық шаралар жүргізеді. Мамандар үйді-үйді аралап жүріп тілсіз жаудан қорғанудың тәсілдерін түсіндіреді. Бірақ қала, аудан, елді мекен төңірегінде орын тепкен түгел үйге барып жүру де мүмкін емес. Сондықтан да төтеншеліктер бұқаралық ақпарат құралдары, жылт еткен жаңалықты жедел жеткізетін желі арқылы қажетті ақпаратты таратып жатады. Бірақ… Әттеген-ай оқиғалар тіркеледі.
Ең өкініштісі елімізде Түркістандағы оқиғаға ұқсас жағдайлардың бірнеше рет қайталанып жатқаны. Естеріңізде болса, 2019 жылдың 4 ақпанында елордағы тұрғын алабтардың бірінде уақытша баспанада шыққан өрт 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылдары дүниеге келген бес баланың өмірін қиып кеткен еді. Қайғылы жағдай болған түні анасы мен әкесі түнгі ауысымдағы жұмыстарында болған. Күллі елдің қабырғасына қатты батқан қазаға байланысты іс қозғалған. Бес айдан соң өртке қатысты іс тоқтатылып, құзырлы орган пеш құбырларын жүргізуде ақау жіберілген деген тоқтамға келген. Ал пешті отағасының өзі салғаны да тілге тиек еткен. Ситер отбасындағы бұл ауыр қазаны қабылдау ауыр тиді. Тек 2020 жылдың аяғында Ситерлер отбасының ұлды болғаны туралы сүйінші жаңалық көңілге сәл демеу болды. Бұл өкінішті жағдай осылай енді ұмытыла бергенде, кешегі ақпанда Жамбыл облысы, Жаңатас қаласында көпқабатты үйден шыққан өрт бір отбасының 2015, 2016, 2017, 2019, 2020 жылдары туылған бес баласын арғы өмірге алып кетті. Қайғылы жағдай орын алған кезде әкесі жұмыста болса, анасы үй есігін іліп, өзі дүкенге бет алған. Қас қағым сәтте қара домалақтарды ортамыздан алып кеткен төтенше жағдайдың алдын ала болжамы туралы мамандар «өрттің ашық отқа тез жанғыш материалдың тиюінен шыққанын, ол төсек-орын жабдығы болуы мүмкін екенін, ал балалар газдан уланып қайтыс болған» деп хабарлады. Осы оқиғаның алдында да дәлірегі 18-ақпанға қараған түні Қызылорда облысындағы Әл-Фараби шағын ауданындағы уақытша баспанадан өрт шыққан. Тілсіз жаумен бетпе бет келген анасы төрт баласын ғана сыртқа шығарып үлгерген. Ал бесіктегі баланы тысқа шығаруға қайран ана үлгермеген. Бұл өкініш көңіліне шемен болып байланған әйелдің күйеуі сол күні үйде болмаған. Жол жүріп кеткен. Неге көп балалы отбасында айту оңай емес, қабылдау қиын мұндай оқиғалар жиілеп кетті? Өрт қауіпсіздігін сақтамағаннан деп салқын сабырмен айта салу жеткілікті ме? Айлығы шайлығына жетпейтін, шиеттей баланы асырау үшін үй бетін көрмей жүру, күйкі тірліктің сан шаруасына зорға ілесіп жүрген отбасылар пештің күйін, электр сымдарының техникалық талаптарға сай болуын қамтып жататын жұмысқа қарауға мұршасы болады дегенге сіз сенесіз бе? Мүмкін бізге уақытша баспанадағы техникалық жағдайды талапқа сай ету жұмыстары жергілікті билік тарапынан реттелетін тетік ойлап табу қажет шығар.