ТЕНДЕР ӨТКІЗУДЕ ЖАУАПТЫ МАМАНДАРДЫҢ БІЛІКТІЛІГІ ТӨМЕН БЕ?

Өткен жылы Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мемлекеттік сатып алу туралы шартты мүлдем немесе ішінара орындамаған 30-дан астам өнім берушіні мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп таныған. Соған сәйкес уәкілетті орган мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп танылған компанияларды сот шешімінің негізінде жосықсыз қатысушылар тізіміне енгізеді.

Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековтің төрағалығымен өткен мәжілісте айтылды.
Жиында Шымкент қаласы бойынша барлық басқарманың мемлекеттік сатып алу ісіне жауапты қызметкерлері біліктіліктерін арттыратыны да айтылды. Мамандардың сатып алу конкурстарға қатысты кәсібилігін көтеру мақсатындағы шараны Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы мен ішкі мемлекеттік аудит департаменті бірлесіп өткізеді. Оқыту кезінде тиісті мамандарға бюджет қаражатын өз уақытында әрі толық игеру, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу кезінде кемшіліктер мен құқықбұзушылықтарға жол бермеудің жолы жазылған мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптары түсіндіріледі. Ерғали Дәулетұлы:
– Өрескел қателіктер қағидаттар мен нормаларды сақтамаудан орын алады. Сол себепті мамандардың біліктілігін арттыруымыз қажет. Ал, қадағалаушы орган, яғни прокуратура кемшіліктерімізді айқындап отырады. Олардың тарапынан айтылған сынды дұрыс қабылдап, керісінше кемшілікке жол бермеудің тетігін қамтамасыз ету маңызды, — деді.
Сонда мемлекеттік сатып алу конкурстарын үйлестіретін әкімдіктегі кадрлардың біліктілігі төмен болғаны ма?