АУЛАДАҒЫ ЖЕМІС АҒАШЫНА ДА АҚША ТӨЛЕНЕДІ…

Шымкентте 3402 жер телімі мемлекетке қайтарылады

Биыл әлеуметтік нысандар, жолдар, магистралдық және ішкі инженерлік жүйелердің құрылысын жүргізу үшін 3402 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылады.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Хабарламада мемлекет мұқтаждығы үшін сатып алынатын жер телімдерінің иелері ешқандай зардап шекпейді. Себебі оларға жылжымайтын мүліктері үшін берілетін өтемақы нарықтық бағамен есептеледі. Бағалау кезінде жылжымайтын мүліктің құрылысына қолданылған материалдардың бағасына да құн төленеді. Құрылысты жүргізген жұмысшыларға берілген ақы үшін де ақша беріледі. Тіпті ауладағы кесілетін жеміс ағашы үшін де өтемақы есептеледі.
Айта кетейік, былтыр мемлекет мұқтаждығы үшін алынуы тиіс жер телімдерін сатып алуға қала әкімдігі 3,7 млрд. теңге бөлген. Бюджеттен бөлінген бұл қаржыға 443 жер телімі сатып алынған. Атап айтқанда, Абай ауданында – 1,5, Әл-Фараби ауданында – 32, Қаратау ауданында – 45,7 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Бүгінде ол жерлер толығымен игерілген.
Қазіргі таңда жер телімдерін мемлекетке қайтару бағытында билік ұсынған бағамен келіспегені үшін сотқа шағым түсіріп жатқан тұрғындар тіркелмеген.