ЕКПЕ ҚАБЫЛДАҒАНДАРДЫҢ АРАСЫНДА ЖАҒДАЙЫ КҮРТ НАШАРЛАҒАНДАР ТІРКЕЛМЕДІ
Елімізде 1-ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау қолға алынғаны белгілі. Алдын ала айтылған ресми мәлімдемелерге сүйенсек, осы айда екпені ең әуелі 100 мыңнан астам медицина қызметкерлері қабылдайтыны хабарланған.
Ал қарапайым халықтың екпе қабылдауы екінші тоқсанның аяғына белгіленіп отыр. Ағымдағы жылдың 9-ақпанындағы көрсеткіш бойынша 11 мыңнан астам адам вакцина қабылдаған. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Нұршай Әзімбаева екпе қабылдағандардың арасында жағдайы күрт нашарлап, ауырған азаматтар тіркелмегінін айтты. Тек қана екпе салынған жердің ісінуі, қызаруы, дене қызуы мен аз-маз ауырсынуы сынды жалпы күтілетін реакциялар кездесіп жатқанын, бұл қалыпты екенін алға тартады.
Айта кетейік, екпені қабылдап жатқан алғашқы лекке Ресейден өндірілген «Спутник V» препараты салынып жатыр. Жуырда «Спутник V» Қарағандыдағы фармацевтикалық зауытта да шығарылған. Қазіргі таңда аталған кәсіпорын ресейлік вакцинаның 90 мың дозасын дайындап қойған. Препарат екпені өндірген Гамалея орталығында тексерістен өтуде. Жалпы ресейлік «Спутник V» вакцинасын сол елден тікелей алдыртпай Қарағандыдағы кешенде өндірілуін қолға алудың негізгі мақсаты – тасымалдау мен сақтау шығындарын шектеу үшін қолға алынған. Зауыт тек Ресейден келген дайын өнімді ғана шығарады. Яғни Ресейде шығарылған «Спутник V» -дің Қазақстандағы зауыттағы өніммен құрамы бірдей. Осы ретте Қарағандыдағы фармацевтикалық кешенде қант диабеті, онкология және т.б аураларына арналған дәрілік өнімдер шығарылатынын айта кетейік.
Сонымен қатар еіміздің Денсаулық сақтау министрлігі отандық QazCovidIn вакцинасын наурыз айының соңында қолданысқа енгізуді жоспарлап отырғаны белгілі. Қазіргі таңда QazCovidIn вакцинасы клиникалық зерттеудің үшінші фазасынан өтуде.
«Уақыт».