ТӨТЕНШЕЛІКТЕР СУ ТАСҚЫНЫН АЛДЫН АЛУҒА КІРІСТІ
Шымкенттегі Төтенше жағдайлар департаменті жауын-шашынның салдарынан болатын лай көшкіні мен су тасқынын алдын алу үшін күшейтілген жұмыс режиміне көшті.
Тиісті департамент 100 адамнан құралған мобильді топ қолайсыз ауа райының салдарымен күресуге сақадай сай екенін хабарлауда. Сонымен қатар қажетті жұмыстар үшін 30 мотопомпа әзір екенін алға тартады. Бұдан бөлек төтеншеліктер селге бөгет салу үшін құм толтырылған 580 қап дайындалғанын хабарлады. Сонымен қатар қала аумағындағы су қоймалары мен өзендердің су деңгейіне күнделікті мониторинг жүргізілуде. Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаментімен байланыста болып, олардан тұрақты түрде таулы аймақтардағы қар қоры жөнінде мәлімет алынуда.
Айта кетейік жуырда қала әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетов «Бадам», «Тоғыс», «Текесу» және «Ақжар» су қоймаларын және су басу қаупі жоғары жерлерге аэровизуалды бақылау жүргізіп, ондағы су деңгейі бір қалыпты екеніне көз жеткізген.