АЙКӨЛДЕГІ КҮН ЭЛЕКТР СТАНСАСЫ 45 МЫҢ ТҰРҒЫНДЫ ЖАРЫҚПЕН ҚАМТЫП ОТЫР

Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасы бойынша Шымкентте ауқымды жобалар жүзеге асып келеді.
Мәселен, былтыр Шымкент қаласындағы «Айкөл» тұрғын алабында қуаттылығы 20 МВт-ты құрайтын күн электр станциясы пайдалануға берілген. Үшінші мегаполистегі үшінші күн электр станциясы 50 гектар жерді алады. Жобаға шетелдік инвестор тартылған. Оның жалпы құны 6,2 млрд. теңгені құрайды. Станцияда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Нысан 45 мыңға жуық тұрғынды электр қуатымен қамтамасыз етуге қауқарлы.
Бүгінде күн электр станциясымен өндірілген электр қуаты «КЕГОК» АҚ-ның қосалқы станциясы арқылы қалаға таратылуда.
Тағы бір жоба «Су ресурстары-Маркетинг» кәсіпорнының Ақсукенттегі «Ақбай-Қарасу» су жинақтаушы ғимаратында құны шамамен 230 млн. АҚШ доллары болатын геотермальды сорғы жабдықтарын орнатқаны болып табылады. Бұл жабдық арқылы кәсіпорынның электр қуатын пайдалану шығыны 5 есеге төмендеген. Сонымен қатар, аталған су жинақтаушы мекемесінде сағатына 200 кВт электр қуатын өндіретін күн электр батарейлері бар.
Бұдан бөлек, кәсіпорынның кәріз тазалау ғимаратында сағатына 2 мың киловатт электр қуатын өндіретін кіші су электр стансасы мен сағатына 400 киловатт электр қуатын өндіретін биогаз қондырғысы іске қосылған. Нәтижесінде, электр қуатының тұтыну көлемі 88 пайызға төмендеп, шайынды суларды тазалау қуаты тәулігіне 100 мыңнан 150 мың текшеметрге дейін көбейген. Мұның есебінен бір жылда 67,3 млн. теңге қаражат үнемделген.