БИЫЛ 16 МЫҢҒА ЖУЫҚ БОЗБАЛА ӘСКЕРИ ЕСЕПКЕ ТІРКЕЛЕДІ
Ағымдағы жылы Түркістан облысының жергілікті әскери басқару органдарында 17 жасқа толатын 16 мыңға жуық бозбаланы алғашқы әскери есепке қою жоспарланып отыр.
Бұл туралы Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Жандос Кулдербаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
– Әскери есепке қою кешенді және өте маңызды рәсім. Әскери есепке алғаш тұрған жасөспірімдерге жергілікті әскери басқару органдарының жеке құрамы Қорғаныс министрлігінің жоғары оқу орындарына түсу бойынша қосымша үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Бұл міндетті шара болып саналады. Жоспарлы іс-шара карантиндік шектеулерге байланысты санитарлық-эпидемологиялық талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады,-деді Жандос Тынымбекұлы.
Жастарды алғашқы әскери есепке қою үшін қажетті құжаттар түгенделіп, әскери қызметке жарамдылығын растайтын медициналық тексеруден өтеді. Балалары есепке тұру үшін медициналық тексеруден өтпеген ата-аналар тұрғылықты жері бойынша қорғаныс істері жөніндегі басқармаға немесе бөлімге жүгінуі қажет.
Негізінен алғашқы әскери есепке қою республика көлемінде қаңтар-наурыз айлары аралығында өтеді. Болашақ Отан қорғаушылар мен олардың ата-аналары бұл шараға түсіністікпен және жауапкершілікпен қарауы керек.
Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге ниетті сарбаздарға әскерге аттану рәсімінде өзгерістер бар. Айталық, жас буын әскери бөлімдерге кетер алдында міндетті түрде коронавирусқа ПТР талдау алынады. Ал, бөлімге келгеннен кейін жастарды екі апталық карантинге оқшаулайды. Карантин кезінде медициналық тексеру және әлеуметтік-психологиялық зерттеу жүргізіледі.