СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ТЕК ДЕЛДАЛДАР ТУДЫРЫП ЖҮР МЕ?
Ел аумағында «Transparency Kazakhstan» қоғамдық қоры жүргізген сауалнама кезінде оған қатысқан респонденттердің 11,3% мемлекеттік органдар ұсынатын қызметке жүгінгенде сыбайлас жемқорлықтың көріністерімен бетпе-бет келгенін көрсеткен. Мамандар көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,1 пайызға төмендегенмен, бұл арқаны кеңге салуға негіз емес екенін алға тартады. Себебі, мәселені «бейресми жолмен» шешуге қызығушылық білдіргендер — 43,9%, делдалдарға жүгіну — 24,4%-ды құраған. Бұл бағыттағы зерттеу жұмысы Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Даму бағдарламасының қолдауымен іске асырылған.
Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысында айтылды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының өкілдері, облыстық басқармалардың басшылары және бейнеконференция арқылы аймаққа қарасты қала, аудандардың әкімдері қатысты. Комиссия отырысында «Transparency Kazakhstan» қоғамдық қоры жүргізген әлеуметтік зерттеудің нәтижелері жарияланып, «Ашық диалог» порталына келіп түскен шағымдар бойынша жүргізілген сауалнама қорытындысы аясында ұсынымдар талқыланды.
Алқалы жиында облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңында бекітілген өзгерістердің маңыздылығын алға тартып, мемлекеттік қызметтерді ұсынатын мекемелер халыққа барынша сапалы қызмет көрсетуге басымдық беру қажеттігін жеткізді.
«Жобалық кеңсе жұмыс істеуде. «Ашық әкімдік» бар. Мұның бәрі сыбайластықты алдын алу бойынша қолға алынған бастамалар. Біз облыстағы барлық аудандарда ашық әкімшілік ашуымыз керек. Мемлекеттік қызметтерді алуда арада жүрген делдардар және «көмекшілермен» күресу қажет. Жемқорлықпен күресте осы «бейресми жолды» жою керек», — деді облыс әкімі.
Жиында сөз алған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бірінші орынбасары Мирас Қарғабай БҰҰ-ның Даму бағдарламасының қолдауымен іске асырылған зерттеу қорытындысына сәйкес, бір жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықта делдалдардың үлесі 6%-ға өскенін хабарлады. Департамент өкілі мұны карантин уақытында түсіндіру жұмыстарының ақсағанымен байланыстырды. Сонымен қатар жергілікті тұрғындар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті анықтауға жәрдемдесуге дайын емес аумақтардың бар екенін де атап өтті.
Оның сөзінше Түркістан облысында жемқорлық көріністеріне тап болғандардың үлесі 7,5% құрап отыр. Азаматтар тарапынан мәселені «бейресми жолмен» шешуге келісім беру 5%-ға азайған. Делдал ретінде көбінесе таныстар (42,0%) және «көмекшілер» (21,5%) келеді екен.
Бұдан бөлек, «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен 2020 жылы атқарылған жұмыстар баяндалды. Өңір тұрғындарының мемлекеттік қызметтерді сапалы, жедел және кедергісіз алуын қамтамасыз ету мақсатында облысқа қарасты барлық аудан, қалалардағы әкімдіктер толықтай «Сервистік әкімдік» үлгісіне көшкені мәлімделді.
Жиын соңында өңірде жемқорлық деңгейін төмендету бойынша бірқатар ұсыныстар тыңдалып, қоғам індетімен күрес шаралары барлық мемлекеттік орган басшысының қызметінде басым бағыттардың бірі болуы қажет екендігі ескертілді.
Дегенменде өңірде сыбайлас жемқорлықты тек делдалдар тудырып жүр дегенге сену қиын.