ӘЛЕУЕТТІ ЭКСПОРТТАУШЫЛАРҒА ҚОЛДАУ ЖАСАЛАДЫ
Түркістан облысының «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» және «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамдары бірлесіп, аймақта жұмыс істеп тұрған және әлеуетті экспорттаушылар үшін 2021 жылдың алғашқы өңірлік экспорттаушылар кеңесін өткізді.
Кездесуге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев, «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас директоры Азамат Асқарұлы, «KazakhExport» Экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ өкілдері, «Turkistan Invest» РАПИРЭ, Түркістан облысы бойынша «Атамекен» ҰКП және әкімдіктің тиісті басқармаларының басшылары және Түркістан облысының 62 ірі экспорттаушысы қатысты.
Күн тәртібіндегі басты мәселе экспорттаушыларды қолдау бойынша мемлекеттік шараларды кеңейту және оларды бір терезеге шоғырландыру барысын талқылау болды. Сондай-ақ, өңделген отандық тауарларды жылжытуға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу мәселесі сөз болды. Жиын барысында жеңіл өнеркәсіп саласында іске қосылған «СП Turkistan Textile» ЖШС цехының құрылысы жайлы айтылды. Жоба құны 420 млн.теңге. Онда 70 жаңа жұмыс орны ашылды. Өнеркәсіп қуаттылығы айына 15 мың бірлікті құрайды.
Сонымен қатар, «АБН Альянс» ЖШС пластикалық құрылыс бұйымдарын өндіру кәсіпорнында 100 жұмыс орны құрылған. Кәсіпорында айына 1500 тонна кәріз құбырлары, 9000 тонна су мен газға арналған құбырлар мен 900 тонна қалдықтар өңделеді. Сонымен қатар, 2021 жылы «Қаратау Транс Сервис» ЖШС мұнай өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр. Жоба құны 11 млрд. теңгені құрайды. Қуаттылығы жылына 50 мың тоннаны құрайтып өндіріс орнында 112 жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев өңірдегі экспорттың қазіргі жағдайы мен өңірдің экспорттық әлеуеті туралы айтып берді. Облыста 224 экспортқа бағытталған кәсіпорындар тізімі жасақталған. Оның ішінде машина жасау, металлургия, тамақ, жеңіл, фармацевтика және ағаш өңдеу салаларында жұмыс істейтін 60-тан астам белсенді экспорттаушы компаниялар жұмыс істейді.
«Өткен жылы экспортқа бағдарланған жаңа кәсіпорындар есебінен біз экспорттың жалпы көлеміндегі өңделген тауарлардың жоғары үлесін сақтап қалдық. Қазір ол шамамен 50%-ды құрайды», — деді Мейіржан Мырзалиев. Әкім орынбасары экспорттаушыларды қолдаудың мемлекеттік шараларын кеңейту және оларды бір терезеге шоғырландыру өңір өндірушілеріне елеулі қолдау көрсететініне сенім білдірді. Бұл экспорттық желіні кеңейтіп, сыртқы нарықтардағы отандық өнім көлемін арттыратынын баса айтты.
Айта кету керек, 2020 жылдың 11 айында Түркістан облысының тауар айналымы 991,5 млн. АҚШ долларын құрады. Оның ішінде, экспорттың үлесі 494,6 млн. АҚШ долларына жетеді. Онда шикізаттық емес экспорттың көлемі 352,3 млн.АҚШ долларын немесе барлық экспорттың 71%-ын құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,2% -ке көп.