ПРОКУРАТУРА ҚАҢТАРДА 262 КӘСІПКЕРДІҢ ҚҰҚЫН ҚОРҒАДЫ
Түркістан облысы Мақтаарал ауданының диқандары үшін қыстың әр күні жылға азық дерсің. Ауданның еңбекқор диқандары егін шаруашылығы арқылы тұтас елдің азығын қамдауға қаңтардан бастап кірісіп кетеді. Оған ауа райы да мүмкіндік береді.
Бірақ алқапты астыққа толтырудың қамына кіріскен ауылдағы ағайынның жұмысы барлық уақытта жоспардағыдай бола бермейді. Шаруалар түрлі кедергілерге бетпе бет келеді. Мәселен биыл, аудандағы Ж.Нұрлыбаев және Жаңажол ауылдық округтерінің суармалы жерлеріне ағын судың жетпей жатқаны шаруалардың көңілін күпті еткен. Тығырықтан шығар жол табу үшін «Жебе-1» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі Түркістан облысының прокуратурасының жанынан құрылған мобильді топқа қоңырау шалып, хабарлама қалдырған. Соған сәйкес қадағалаушы орган келіп түскен хабарлама бойынша едел-жедел түрде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға кіріседі.
Яғни, прокуратура «Қазсушар» Республикалық мемлекеттік мекемесінің 3 мың гектарға жуық мақта және күріш егуге арналған шаруа қожалықтарының суармалы егінді жерлерін ағын сумен қамтамасыз етуге тиісті шараларды қолданбай жатқаны туралы шаруалардың шағымын басшылыққа алып, нақты міндеттерді іске асырады. Сөйтіп прокурорлық қадағалау актісін қараудың нәтижесінде ағын су жеткізіліп, 251 шаруа қожалықтарының мәселелері оң шешімін табады.
Түркістан облысы прокуратурасының жанынан құрылған мобильді топтарға қаңтар айының өзінде 5 хабарлама түскен. Оның ішінде 4 хабарлама бойынша прокурорлық қадағалау актілері енгізілсе, бір шағым қаралу сатысында.
Прокурорлық қадағалау актілерінің қаралуы нәтижесінде барлығы 262 кәсіпкердің құқықтары қорғалған.