Белсенді азаматтар марапатталды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жолдауында Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту жолындағы стратегиялық маңызды мәселелерді айқындап, қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге, жаңғыртуға бағытталған негізгі басымдықтарды белгілеп берді.
Президенттің жолдауында маңыздылығы жөнінен айрықша көтерілген мәселе сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты шаралар болатын.
Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы — адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ.
Жасыратыны жоқ сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналды, себебі бұндай әрекеттің мемлекеттік қызметкерлер тарапынан көрініс табуы мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, қоғамда өкіметке, билікке деген сенімсіздік тудырады. Өкінішке орай, жең ұшынан жалғасын табатын, көз қысты-бармақ басты әдет әлі де болса қалмай келеді. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Кеңестер одағы кеңістігінде алғаш рет «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылдады, бұл заң жобасы арқылы жемқорлыққа қарсы күрестің негізі принциптерін анықтап, жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтардың және оған байланысты жауапкершіліктің артылуының түрлері анықталды.
Елімізде 18 қараша 2015 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданғаны да баршаға мәлім.
Жемқорлыққа қарсы күресте барлық адамдар заң мен сот алдында тең. Жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жою, олардың алдын-алу және барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзіреті шегінде күрес жүргізу, яғни жемқорлықпен күресу — жалпыға ортақ міндет.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуға тиіс.
Елбасының мемлекетіміздің тағдыры үшін маңызды құжатында айтылған мемлекеттік қызметтегі тұлғаларға қойылатын талап «Әрбір мемлекеттік қызметкердің ары да жаны да таза, сауатты және білікті, біреуге тәуелді болмайтындай жағдайда болса екен», — деген жұртшылықтың пікірімен үндескендей.
Әрине, ең алдымен бүгінгі бала, ертеңгі мемлекеттік қызметкердің отбасындаға тәлім-тәрбиесі дұрыс болуы ләзім. Тәрбие от басынан басталады. Сондықтан, әрбір отбасы осы мәселеге аса мән бергені абзал.
Қазақстан — көп ұлтты, болашағына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Алдымызда әлі талай үлкен міндеттер тұр, талай сын кезеңдерден өтуге тура келеді және сапалы нәтижеге қол жеткізуіміз қажет. Осы орайда Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға қосқан елеулі үлестері үшін және ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агентігінің бастамасымен құрылған Түркістан облысының ақпараттық-ағарту штабы жұмысын жандандыру жолындағы азаматтық белсенділігі үшін бірқатар азаматтар аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Атап айтқанда «Созақ үні» газетінің жауапты хатшысы Мақсат Қарғабай, аудан әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Шамил Сатыбалды, «НұрОтан» партиясы аудандық филиалының сектор меңгерушісі Нұрболат Қошқарбаев, «Жастар ресурстық орталығының» директоры Жеңісәлі Төлепберген, Қ.Рүстемов атындағы жалпы орта мектебінің директоры Сержан Бегманұлы, Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі Сымбат Дәулеталиева, І.Кеңесбаев атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі Шолпан Талымова, Т.Әлімқұлов атындағы лицей интернатының мұғалімі Гафура Ерімбетова, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп гимназиясының мұғалімі Амангүл Палуанова, Созақ мектеп гимназиясының мұғалімі Құртқа Алпамысоваларға аудан әкімінің алғыс хаттарын аудан әкімі аппаратының басшысы Қалдыбек Ораз салтанатты жағдайда табыстады.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.