ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ӨЗ КИІМІН КИЕДІ

Түркістан – қазіргі таңда елімізде ең көп жаңа нысандар салынып жатқан бірден бір қала. Құрылыс алаңына айналған қалада рекордық мерзім ішінде алып нысандар салынып, ел игілігіне берілуде. Соның ең бір жарқын мысалы құрылысы былтыр мамыр айында басталып, осы жылдың қыркүйегінде салтанатты жағдайда ашылып, 1-желтоқсанда тұңғыш рейсін орындаған Түркістан халықаралық әуежайын айтуға болады.

Сонымен қатар қалада өзге де нысандардың құрылысы аз уақыт ішінде аяқталып, облыс орталығының ажарын ашуда. Өте қысқа мерзім ішінде салынған нысанның бірі – «Turkіstan Textile» тігін фабрикасы.
Рекордық мерзімде аяқталған фабрика Қазақстан және Өзбекстан республикаларының бірлескен кәсіпорны болып табылады. Түркістан қаласының индустриялық аймағында 2 га аумақта орналасқан тігін фабрикасы салтанатты түрде қараша айында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мен ӨР Премьер-Министрі Абдулла Ариповтың қатысуымен ашылған болатын.
Бүгінде тоқыма өнімдерін өндіретін тігін фабрикасы өз өнімін өндіруге кірісіп кетті. Инвестор қызметкерлерді жалдау кезінде мүмкіндігі шектеулі әйелдер мен аз қамтылған отбасылардан шыққан адамдарға жұмыс орындарын ұсынуға көп екпін түсіруге ниетті. Сонымен қатар, кәсіпорын Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжінің студенттеріне дуальды жүйе негізінде практикалық дағдыларды игеруге мүмкіндік беруді көздеп отыр.
Бауырлас мемлекеттердің арасындағы ынтымақтастықты кеңейту аясында іске асырылған ірі жобаның бастамашысы – «Qojakent Textile» ЖШС компаниясы болып табылады.
«Turkіstan Textile» тігін фабрикасы толық іске қосылғанда 1000 адамға дейін жұмыс орнын ұсынатын қауқарға ие болмақ.
Тігін фабрикасы түрлі арнайы киімдер (медициналық халаттар, униформалар) мен сыртқы киімдерді, «Ataman және Ramsay» брендтерімен ерлерге және әйелдерге арналған костюмдерді шығаруды жолға қоймақ. Зауытқа тартылған инвестиция сомасы шамамен 420 млн. теңгені құрайды.