КҮНГЕЙ ҚЫЛМЫСЫ АЗ ӨҢІРЛЕРДІҢ ҚАТАРЫНДА

Түркістан облысының Полиция департаментінің жедел басқару орталығы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қоғамдық тәртіпті барынша сақтау мақсатында тәулік бойы демалыссыз жұмыс істейді. Орталықтағы 548 бейнебақылау камералары арқылы тәртіп сақшылары Түркістан қаласының жолдарымен қатар, аудандық, облыстық, республикалық маңызы тасжолдарды бақылап, қылмыстардың алдын алу жұмыстарын лайықты жүргізіп келеді.
Жуырда орталықтың материалдық техникалық базасы мен атқарылған жұмыстарымен жақын танысу мақсатында еліміздің Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов өңірге арнайы іссапармен келді.
Облыстық Полиция департаментінің Жедел басқару орталығындағы бейнабақылау камераларының көмегімен сақшылар біраз заң бұзушылықтардың бетін ашқан. Жыл басынан бері бақылауды күшейту үшін құрылған бейнебақылау камералары арқылы 93 қылмыс пен 64 445 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Бұдан бөлек, 21 дана автоматтандырылған жүйе камераларымен жол қозғалысын бұзу ережелерінің 282 417 дерегі тіркеліп, 4 миллиардтан астам теңгеге айыппұл салынған.
Іс сапар кезінде вице-министр Сәкен Сәрсенов шағым түсіруге арналған жаңа мобильді «SOS» қосымшасының қызметін таныстырды. Ел тұрғындарының игілігі үшін іске қосылған қосымша арқылы азаматтар кез-келген заңбұзушылыққа қатысты жәйттерді полицияға фото, видео және оқиға болған мекенжайды тікелей жібере алады. Жаңа бағдарлама арқылы азаматтар полицейлердің келіп түскен хабарламаға орай қаншалықты едел-жедел әрекет ететінін де бақылайды. Бұдан бөлек, аталған қосымша арқылы тұрғындар жеке басына қауіп төнген жағдайда полицияға хабарлама жолдауына да болады. Сонымен қатар кездесу кезінде «Цифрлық полицей», «Дабыл түймесі», «Баланы бақылау» секілді жаңа жобалардың жұмысы айтылды.
Қазақстанның кез келген аумағын қауіпсіз ортаға айналдыру құқық қорғау органдары қызметкерлерінің басты міндеті. Әсіресе, ірі қалалар мен облыс орталықтарындағы ахуалды уыстан шығармаудың жауапкершілігі зор. Осы бағытта Түркістан қаласының өзінде жолдарда жүйесіздікті болдырмас үшін стационарлы-интеллектуалдық жүйелер орналастырылған. Бұл қондырғылар арқылы бұрылыстар, жүргіншілер жолағы, көліктердің арнайы орындарға дұрыс қойылуы бақыланып, фото-бейне түсірілімдер жасалады.
Сондай-ақ, облыста «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының талаптарын орындау үшін полицейлерге 1164 бейнетіркегіш пен 954 планшет пайдалануға берілген.
Шара аясында вице-министрге облыстық Полиция департаментіне тиесілі арнайы бөлімшелер үшін арналған көліктер, учаскелік және патрульдік полицейлердің мобильді жұмыс орындары көрсетілді.
Өз кезегінде вице-министр «Түркістан облысы республика көлемінде қылмысы аз облыстардың қатарында. Киелі Түркістан қаласы тарихи әрі рухани өңір, туристік аймақ болғандықтан мұндағы тұрғындардың, қонақтардың қауіпсіздігі қатаң бақылануы қажет. Алдағы уақытта полицейлер цифрлық жүйеге толық көшуі тиіс. Ал бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылуда», — деп қауіпсіздік саласы мен жалпы облыстағы ахуалды бақылау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.
Естеріңізге сала кетейік, қараша айының басында облыстық Полиция департаменті жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың есебі жарияланған. Сол кезде республика көлемінде он мың тұрғынға шаққандағы қылмыс саны 86 болса, бұл көрсеткіш Түркістан облысында 31-ді құрайтынын, есепті кезең ішінде қылмыстық құқықбұзушылық 26,6 пайызға, ал қылмыс 27,5 пайызға азайғаны мәлімделген.