Бақытжан ПОЗИЛОВ: БІЗДІҢ ТАБАНДЫ ЖҰМЫСЫМЫЗДЫ ҚҰРМЕТ ТҰТСАҢЫЗДАР…

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Позилов өзінің фейсбук әлеуметтік парақшасында қала тұрғындарына осындай өтінім жасапты.
Жалпы Бақытжан Жолдасбекұлы қаланың денсаулық саласына жетекшілік еткеннен бері атқарған жұмыстары туралы, қазіргі пандемияға қатысты қабылданып жатқан шешімдер, атқарылған шараларға қатысты өзінің ой- пікірлерін желіге жиі жүктеп жүреді. Қырағы оқырмандар басшының жұмыс күндерінен бөлек, демалыс уақыттарында да қаладағы медициналық ұйымдарды аралып, ондағы жұмыстарды пысықтап жүргенінен де хабардар болып отырады. Сондай іс-шаралардың бірінде ол өзінің алған әсерін былай деп желіге жариялапты.
«Шымкенттегі №1клиникалық ауруханасында қарбаласпен өтпейтін күн жоқ. Мұндағы медицина қызметкерлерінің бірде бірі арқаны кеңге салып жүретін күнді бастан кешірмеген. Тіпті демалыс күндері де дамыл таппайды. Бұл мекемеде күніне 300 адам дәрігерлер кеңесі мен көмегін алады. Оның ішінде 20 адам ота төсегіне жатқызылады. Олардың одан кейінгі тағдырының қандай болмағы дәрігерлердің кәсібилігі мен ептілігіне көп байланысты екені айтпаса да түсінікті.
Сағат тілі 20:30-ға тақапты. Қарбаласы сабасына түспейтін аурухананың қабылдау бөліміне жедел жәрдемнің 7 мәшинесі жетті. Барлығы да бір уақытта келген.
Қаланың әр бұрышында орын алған жол-көлік оқиғасына түскендер. Әртүрлі деңгейде жарақат алғандар шұғыл медициналық көмекке мұқтаж болып тұр.
Бұл әдеттегі күн… Дәрігерлердің, фельдшерлердің, жедел жәрдем көлігін жүргізушілердің күнделікті жұмыс күні…
Біздің табанды жұмысымызды құрмет тұтсаңыздар! Өздеріңізді қорғаңыздар».
Басқарма басшысы жазбасының соңын «Жолда барынша сақ болыңыздар!» деген сөзбен түйіндепті.
Осылайша ол жол-көлік оқиғасынан жарақат алғандардың тартқан өкінішін көзбен көріп, байқампаз болмасақ жазым аяқ астында екені туралы ой тастапты…
Қайткен күнде де уақып болыңыздар!!!