КҮЙІКТІК ЖАРАҚАТТЫ АЛУ КӨРСЕТКІШІНІҢ КӨП СЕБЕБІ НЕДЕ?

Шымкент қалалық балалар ауруханасында ағымдағы жылдың 24-наурызында жарақат бөлімінде күйікке шалдыққандарды емдеуге арналған төсек-орындар ашылған. Содан бергі 7 айдан аса уақыт ішінде (11-қарашаға дейінгі аралық) ауруханаға 484 бала күйіктік жарақатпен қаралған. Оның ішінде 194 науқас стационарда ем қабылдаған.

Оның ішінде 139 бала жедел жәрдеммен түссе, 50 бала өз бетінше ем іздеп келген. Бір бала жолдама бойынша емделген. Бұл науқастардың барлығына тиісті ем-шаралар жүргізіліп, үйлеріне шығарылған.
Осылай деген Шымкент қалалық балалар ауруханасының дәрігері Нұрпейіс Шірінбек балалардың күйіктік жарақат алуының себебі мен салдары, балаларда оның жүру әрекеті қандай болатынын былай деп жіктейді.
– Күйіктік жарақат дегеніміз не? Ол ағзаның сыртқы тіндерінің химиялық және физикалық факторлардың әсер етуінен бұзылуы. Химиялық, физикалық фактор дегеніміз термиялық, химиялық, сәулелік энергия және электр тоғының әсерінен болатын жарақаттарды айтамыз. Балаларда күйіктік жарақаттың жүру әсері ерекше болады. Себебі кішкентай балалардың терісі нәзік әрі жұқа болып келеді. Әрі қан тамырлары мен лимфа тамырлары теріде өте көп болатындықтан жылуды тереңге өткізу жоғары болады. Сондықтан да химиялық жән физикалық факторлар үлкен адамға әсер еткен кезде ересек адамдар аса терең емес жарақат алатын болса, балаларда өте терең күйік алудың қаупі жоғары. Бұдан бөлек балалардың өз өздерін қорғау, сақтау инстинкті жақсы дамымағандықтан олардың физикалық және химиялық факторлармен жанасу әсерінің уақыты көп болады. Яғни, бала қандай да бір күйіктік жарақат алған шақта қауіпті заттан өзін қорғап (күйген жерді аққан сумен ұзақ жуу, қандай да бір жақпа жағу және т.б) қала алмайды. Салдарынан терінің зақымдануы өте терең болады.
Балаларда күйіктің жазылу процесі кезіндегі тыртықтануы да өте жоғары жүреді. Өйткені балаларда терінің жұқалығы, нәзіктігі мен қан айналымының жақсаруына байланысты кез келген тері жазылғанда тыртықтанып кетеді. Бұл жағымсыз процестен, яғни терінің тыртықтануынан балалардың сыныптастарының, достарының ортасында өзін өзі бағалауы төмендейді. Психоэмоционалдық жағдайы да қиындай түседі. Бұл жағдайды қабылдауы мен оған үйренуі оңайға соқпайды.
Өз кезегінде дәрігер Нұрпейіс Шірінбек күйікті жарақат алататын балалардың жартысынан көбі 3-жасқа дейінгі бүлдіршіндер екенін, және олардың барлығы дерлік жарақатты үй жағдайында алатынын мәлімдейді. Бұл туралы ол «Әрбір үйде тамақ әзірленіп, піскен асты бір бөлмеден екінші бөлмеге тасу кезінде аяққа оратылып жүрген бала ыстық сорпаға немесе шайға күйіп қалып жататын жағдайлар көп кездеседі. Сондықтан да асты дастархан басына апару кезінде ең алдымен балаларды өз орындарына жайғастырып алуға көп көңіл бөлген абзал. Екіншіден үстел басында тамақтанып отырған кезде жетектегі баланы ересектер тізесіне отырғызып алады. Балалар өте белсенді қозғалады. Байқаусызда сіздің алдыңыздағы шай құйылған кесеге, тамақ салынған ыдысқа қолын салуы, немесе үстелге сүйенемін деп дастарханды тартып, жарақат алып жататынын көп естиміз. Мұны да әрбір ата-ана біліп жүруі керек сияқты. Сонымен қатар, электр шәйнегін тоқтан алып кете береміз де, оның шнурын қолжетімсіз жерге қоюды естен шығарамыз. Бұл да оқыс оқиғаларды тудыратын жағдайлардың бірі. Ең бастысы тұрмыстық химиялық заттар мен еретінділерді де балалардың қолы жетімсіз жерге қоюды қаперге алу керек», -деп кеңес береді.
Өз сөзін дәрігер Нұрпейіс Шірінбек «Балалардың күйіктік жарақат алмауы ата-аналардың, үлкендердің қамқорлығы мен жауапкершілігіне көп байланысты. Жоғарыда күйіктік жарақаттың салдары балалардың көңіл-күйіне, психологиясына өте теріс әсер ететінін айтып өттім. Ендеше балаларыңызды толыққанды тұлға ретінде қалыптастырғыңыз келсе, оны қауіпті деген барлық жағдайдан қорғап жүріңіз» деп қорытындылайды.
Керек кеңеске құлақ асыңыз!