COVID-19: ЕКІ АЙҒА ЖЕТЕТІН ДӘРІ ҚОРЫ БАР
Шымкентте эпидахуал тұрақты. Қала қазіргі таңда жасыл аймақта тұр. Бірақ соған қарамастан қаланың ықтималды жаңа толқынға дайындық жұмыстары қызу. Болжамды қауіпті кезеңде жағдай уыстан шықпас үшін қазіргі таңда тиісті мамандар ахуалды бақылауда ұстап отыр.
Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. Қала басшысы коронавирустың болжамды екінші толқынына лайықты күрес жүргізу үшін А, В, С жоспары әзірленгенін алға тартты. Соның негізінде қала тұрғындары арасында ауру жұқтыру көрсеткіші күрт көбейген кезде науқастар үшін емдеу орындарында 5416 төсек-орнын ұйымдастыруға мүмкіндік бар екенін хабарлады. Қазіргі таңда қалада адамдардан коронавирусты анықтайтын 9 ПТР зертхана жұмыс істейді. Олардың қуаттылығы күніне 3550 ПТР талдау жасауға қауқарлы. Қызмет көрсету сапасын жақсарту бағытында жедел жәрдем қызметі стансасы 100 жаңа көлікпен толыққан.
Сонымен қатар қалада індетке байланысты енгізілген карантин кезінде азаматтардан түрлі жағдайларға қатысты хабарламалар мен сұрақтарды қабылдау үшін 109 нөміріне қосылған «I-Komek» байланыс орталығы іске қосылды. Орталық тәулігіне азаматтардан 3500-ге жуық қоңырау қабылдайды.
Бұдан өзге Мұрат Дүйсенбекұлы қаладағы медициналық ұйымдарда COVID-19 індетіне қарсы екі айлық дәрілік заттар және медициналық бұйымдар қоры қалыптасқанын атап өтті. Бүгінде қаланың дәріханаларында коронавирусты емдеуге қажетті дәрі-дәрмек қорының жалпы құны 1,7 млрд теңгені құрайды екен.
Естеріңізге сала кетсек, былтыр Уханьнан тараған жұқпалы індет Қазақстанда алғаш рет осы жылдың 13 наурызында тіркелген болатын. Шымкентте коронавирус індетін жұқтырған алғашқы науқас 24 наурызда анықталды. Сол уақыттан бастап 3-желтоқсанына дейінгі аралықта қалада коронавирусты 5381 адам жұқтырған. Оның ішінде 5160 адам аурудан емделіп шыққан.