ҚҰНДЫ ҚҰРЫЛҒЫ ОРНАТЫЛДЫ

Шымкенттегі №2 аурухана теңдессіз аппаратпен толықты. Италиядан әкелінген «Apolla» рентген аппараты көптеген дерттерге диагноз қою мен оны емдеуде таптырмайтындығымен құнды. Қазіргі таңда құрылғыны аталған аурухана базасында құрастыру жұмыстары қызу жүруде.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Бақытжан Позилов мәлімдеді.
Оның сөзінше «Apolla» рентген аппаратының көп функционалды телебақылаушы үстелі бар. Құрылғы диагностиканы барлық режимде цифрлық зерттеу жүргізу мүмкіндігіне ие. Мәселен, флюроскопия, рентгенография, рентгеноскопия, томография, сатылы ангиография, жатыр ауруларының эмболизациясы мен бауырдың қатерлі ісігін емдеуге зор көмегін тигізетін бірегей аппарат. Құрылғыны құрастыру жұмыстары осы айдың ортасында аяқталады деп күтілуде. Бұл аппараттан бөлек қазан айында аталған ауруханаға компьютерлік томография орнатылған. Ауруханаға түскен науқастарды жан-жақты тексеруге мүмкіндік беретін құрылғыны дұрыс қолдану үшін дәрігерлер арнайы оқытудан өткен болатын.