ТМД БОЙЫНША ОТТЕГІМЕН КОМПЛЕКСТІ ЕМДЕУ ЖҮЙЕСІ ТЕК ШЫМКЕНТТЕ БАР
Көмірқышқыл тотығымен уланған ауыр халдегі науқастарды оттегімен комплексті емдеу жүйесі ТМД елдеріне қатысты мемлекеттердің ішінде әзірге тек Шымкент қаласында ғана бар.
Бұл туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Бақытжан Позилов мемлекет басшысының Жолдауы бойынша атқарылған жұмыстарды баяндауы кезінде айтып берді.
Басқарма басшысы ТМД елдері бойынша жалғыз Шымкентте ғана жасалатын оттегімен комплексті емдеу жүйесі қаладағы Гипербариялық оксигенация орталығында жүзеге асырылатынын атап өтті. Бұдан бөлек ол, Шымкентте мемлекет басшысының Жолдауы аясында дәрігерлердің мүддесін қорғау, медицина ұйымдарының пандемияның ықтималды екінші толқынына дайындығы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы бақылауда екенін айтты. Сонымен қатар жолдау жүктеген кезекті міндет – онкологиялық ауруларды алғашқы деңгейінде анықтау арқылы уақытылы емдеу және ота жасау жұмыстары да өз деңгейінде жүзеге асып жатқанын мәлімдеді.
Бақытжан Жолдасбекұлы Шымкенттегі №1 клиникалық ауруханасында бас миының қатерлігі ісігі мен бас миындағы геморрагиялық инсульт бойынша сәтті оталар жасалып жатқанын да атап өтті. Аталған хирургиялық емдеу шаралары алғашында қыркүйек-қазан айларында басқа қалалардан келген әріптестер көмегімен жүзеге асырылған. Ал қараша айынан бастап жергілікті дәрігерлер бұл талаптың үдесінен шығуда жақсы нәтижеге қол жеткізіп келеді екен.
Сонымен қатар, цифрлық жүйе көмегімен халыққа қызмет көрсетуді оңтайландыру мақсатында қаладағы №3 емханада «SMART» пилоттық жобасы іске қосылғанын да тілге тиек етті.
Бұдан бөлек басқарма басшысы жуырда өзі басқарып отырған салада ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында тың мәлімдеме жасады. Яғни Бақытжан Позилов қала тұрғындарының назарына «егер де медицина қызметкерлері Сіздерден ақша талап етсе, тікелей менің телефон нөміріме (8 701 505 44 58) қоңырау шалыңыз», деген-тін. Ол көрсетілген телефон нөмірі тұрғындар шағымын қабылдау үшін барлық уақытта қосулы болатынын да ескерткен.