ОЛ ЗАМАН ТЫНЫСЫН ТАП БАСЫП ТАНИТЫН ТҰЛҒА

Көрші Ресей елінің Президенті Владимир Путин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы пікірінде оған дәл осылай баға берген. Тұңғыш Президентіміздің саясаткерлік қыры мен іскерлік беделін айшықтай түскен көрші ел басшысының бұл сөзі ешқандай асыра сілтеу мен асығыс айтылмағаны, керісінше орынды байлам екені белгілі.

Шынымен де Елбасы пейілі кең, қонағуар қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдызы. Ол билік сахнасынан көрінген алғашқы күннен бастап қазақ елінің елдігін паш етіп, тәуелсіздік туын тұғырлы ету жолында өзінің көрегендігімен, кемеңгерлігімен мойындалған дара тұлға.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетімізді 1991 бастап 2019 жылдың наурыз айына дейін үзіліссіз басқарды. Отыз жылға жуық уақыттың ішінде ол кісінің елі үшін атқарған еңбегі ерен. Тұңғыш Президент елімізді тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудың шырмауына жұтылып кетпеуіне ықпал еткен, одан шығудың жолын тапқан іскер басшы. Сол кездегі қиын экономикалық кезеңнен өтіп, тіршілікті сабасына түсірген білікті басшы. Ол сындарлы жылдарда шекарамызды шегендеу, заңымызды айқындау, мемлекет пен азаматтар мүддесін айшықтау сынды табанды тірліктерді абыройлы алып шықты. Қазір бұл тірліктерді бір сөйлемге сыйғызып айтып отырмыз. Ал сол кездерде мұны бастан өткеру үлкен сын еді. Ол кісі шетелге шыққан іс сапарларында өзі ұшып барған ұшаққа қажетті керосинді қарызға алған күндері болған. Сол шақтарда оған қарата «тізгінін алған елің мемлекет болмайды» деген сарындағы сөздер айтылды. Бірақ Елбасы бұндай сөздерге бордай мүжілмей, бойын жиып ұстады. Иә, сол жылдары мемлекетіміздің халі мүшкіл болды. Әлі есімде біз Ташкенттен шығып Шымкентке келген кезде қараңғы түнекке тап болғандай әсерде болатынбыз. Барлық қалаларда жарық сығырайған немесе мүлдем жоқ еді. Қаншама қалаларда газдың жоқтығы халықтың тұрмысын көңілсіз етті. Бірақ біз келер күннен жақсылық күттік. Бұл үмітті бізге Елбасы сыйлады. Ол бірлігімізді жоғалтпай, салқын сабыр сақтасақ бәрі де баянды боларын айтудан жалықпады. Және бұл сөзінің үдесінен шыға білді. Халықтың әлеуетін көтеріп, өмір сапасын жақсарту үшін барлық мүмкіндіктерді жасады.
Елбасы Қазақстан елінің әрбір тұрғыны тәуелсіздік шұғыласын барынша сезінуі үшін кез келген адам бой ұра бермейтін батыл бастамаларға барды. Шетелде жүрген қандастарымыздың елге оралуына жағдай жасады. Тұрғындар тіршілігіндегі барыс-келісті барынша жеңілдету үшін ұзын-ырғасы 2500 шақырымнан асатын шойынжолдар салып, жолаушыларды шаңды ауылда жүрудің азабынан алып шықты. Ұмытыла бастаған ұлттық құндылықтарымызды қайта дәріптеуде де ел көңілінен шыққан бастамаларды көтерді. Тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудан әжептеуір зардап шеккен білім, денсаулық сақтау мен мәдениет саласындағы кері кеткен көрсеткіштердің түзеліп, ол бағыттағы жұмыстардың оң динамикалық дамуды көрсетуіне қол жеткізді.
Тұңғыш Президентіміз тәуелсіз-діктің тізгінін алып жүру жолында алысты болжай білетін дара саясаткер болу керектігін терең сезіне алатынымен де ерекшеленген. Тұңғыш Президентіміздің ел астанасын Алматы қаласынан Ақмолаға көшіру идеясы, оны жүзеге асырып, Сарыарқа төсінде ғасырлар тоғысында ажарлы Астана қаласын көтеруі соның жарқын мысалы. Елбасының бастамасымен, ерлігімен бой көтерген қалаға былтыр ол кісінің есімін беру қолдарлық, қуаттарлық іс болды.
Оның халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауы арқылы өткенімізге салауат айтып, болашағымды бағдарлай білеміз.
Тұңғыш Президенттің атқарған жұмыстарын бір сәтте айтып шығу немесе бір мәтіннің бойына сыйғызып жазу мүмкін емес. Бірақ мына жәйт анық. Қазақстанның дамудың даңғыл жолына түсіп, оның дамуы жолындағы жұмыстардың басымы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен, оның табандылығымен, іскерлігімен ұшталған дүниелер екені даусыз.
Қазақстанның күллі әлемге танылуына ол кісінің еткен еңбегі ересен. Еткен еңбектің өтеуі ретінде алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілерге Тұңғыш Президентіміздің сындарлы жылдардағы тәуекел тірліктерін, іскерлік қырын, өзіміз куә болған талай тындырымды тірліктерін өсиет ретінде айтып, насихаттап, үлгі етіп көрсетуіміз керек.

Байкен ӘШІРБАЕВ,
«Құрмет» орденінің  иегері.