ІНДЕТПЕН КҮРЕСКЕ БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫНЫҢ ЕСЕБІНЕН ЖҰРТ ЖАҢЫЛА БАСТАДЫ
Қазақстан шетелдік Азия Даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 1,5 млрд. еуро несие алмақшы. Еліміздің Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қомақты сомадағы несие пандемияның салдары мен әлсіреген экономиканы қалпына келтіру үшін жұмсалатынын айтты.
Қазақстан қаржының 908 млн 596 мың еуро сомасын Азия Даму Банкі, ал 661 млн. 800 мың еуросын Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен алмақ. Аталған банктер Қазақстанға несие беруге дайын. Бұл үшін тараптар арасындағы келісімдерге қол қойылған. Қазақстанның аталған қос банктерден қарыз алуына Мәжіліс екі сөзге келмей келісім берген.
Енді қыруар соманы Қазақстан Үкіметі 10 жылдан кейін республикалық бюджет есебінен қайтарып беруі тиіс. Ведомства басшысы Мәжілістің келісімін алу кезінде несиенің жалпы үстемесі 23 млн. еуроны құрайтынын мәлімдеді.
Бұл қаржыны министрлер кабинеті коронадағдарысқа қарсы жұмыстар үшін жарататын болады. Бірақ нақты қандай жұмыстарға игерілетіні туралы билік мәлімдемесінде таратылған мәлімет жоқ.
Жалпы жыл басынан бері коронавирусқа қарсы күрес шаралары үшін бөлініп жатқан қаржы көзінің есебінен жұрт жаңыла бастады.
Оған негіз де жоқ емес. Себебі коронавируспен күрес пен пандемияға қарсы дағдарысқа қарсы бөлінген қаржылар туралы бірыңғай дерек жоқтың қасы.
Мәселен, ағымдағы жылдың сәуір айында сол кездегі Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жұқпалы індетпен күрес шаралары үшін Үкімет резервінен үш рет қаржы қаралғанын 29 қаңтардағы бірінші транш аясында 1 млрд. 609 млн. теңге, 21 ақпанда қосымша 428 млн. 227 мың теңге бөлінгенін айтқан. Сондай-ақ ол, үшінші рет 25-наурызда 21 млрд. 430 млн. теңге бағытталғанын мәлімдеген. Министр сол кезде бұл қаржылар дәрілік заттарды, медициналық жабдықтар мен зертханалық құралдарды алуға, сонымен қатар медициналық маска, қолғап, қорғаныс киімдері мен тестілерге бөлінгенін айтудан әрі аспаған.
Көп ұзамай дәлірегі мамыр айында коронавирусқа қарсы күреске Қазақстан 6 трлн. теңгеге жуық қаражат қарап отырғаны туралы ақпарат тез тарады. Шамамен 13 млрд. доллар болатын бұл қаржының қалай игеріліп жатқаны туралы мардымды мәліметті бірде бір министр жарытып айтып бере алмады.
Одан кейін шілдеде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың таралуын тоқтату және науқастарды емдеуде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізу үшін 150 млрд. теңге тағы бөлінетінін мәлімдеген. Одан кейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ПТР тестілеу қызметтеріне ақы төлеу үшін бюджеттен тағы 42 млрд. теңге бөлуді сұрағаны да естен шыға қойған жоқ.
Одан алдын дәлірегі 7-шілдеде Алексей Цой пандемия кезінде коронавирус инфекциясымен күрес үшін, оның пайда болуы мен індеттің бетін қайтаруға қаралған 114 млрд. 826 миллион теңге бөлінгені туралы есеп берген. Бір күннен кейін осы мақсатта қаралған қаржы көзі туралы есебін Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов «Бүгінгі күнге коронавируспен күреске республикалық бюджеттен 191,9 млрд. теңге бөлініп отыр. Оның 125 млрд. теңгесі бюджетті нақтылау аясында, 66,9 млрд. теңгесі Үкімет резервінен бөлінген» деп жіктеген. Сол кезде жұрт екі ведомства өкілінің есебінің қайсысы бұрыс, қайсысы дұрыс екенін білмей дал болған.
Жалпы індетпен күрес коронавирусқа қарсы дағдарыс жұмыстары үшін қаралған қыруар қаржының есебі туралы мінберде отырғандардан ұғымды жауап әзірге жоқ болып тұр.
А. САТЫБАЛДЫ.