ШЫНДЫҚТЫ АЙТУ ҮШІН ТІЗІМДЕ ЖОҚ БОЛУ КЕРЕК ПЕ ЕДІ?

Кешегі сәрсенбіде еліміздегі билік партиясы «Nur Otan» кезексіз съезін өткізді. Іргелі жиында жетекші партияның саяси кеңесінің мүшесі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев партияның алдағы бес жылда атқарылатын «Өзгеріс жолы: Әркімге лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын жариялады.
Дәл осы жиында бас партия алдағы Мәжіліс сайлауына қатысатын кандидаттардың тізімін бекітті. Тізімде жалпы жиыны 126 кандидат бар. Кандидаттардың қатарында ағымдағы жылдың мамыр айынан Сенат депутаты өкілеттілігін тоқтатып, ел назарынан жылыстап кеткен Дариға Назарбаева, бір кездері «шаршағаны» үшін министрлік шенінен түскен, қазіргі таңда Президент көмекшісі болып табылатын Тамара Дүйсенова, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есім, Үкімет басшысы Асқар Мамин бар.
Кандидаттардың 77-сі праймериздің нәтижесі бойынша аудан, қала және облыс деңгейіндегі іріктеуден өтсе, қалған 49-ы орталық квота бойынша тізімге енгендер. Тізімге енген 126 кандидаттың 30 пайызы әйелдер. Үміткерлердің орташа жасы 48-ді құрап отыр. Бұл алдыңғы сайлаудан 4 жас кіші.
Бекітілген тізімдегі 126 үміткердің 20 пайызға жуығы Мәжілістің қазіргі депутаттары болып табылады. Олардың қатарында Геннадий Шиповских, Бекболат Тілеухан, Бақытбек Смағұл, Нұрлан Нығматуллин, Дархан Мыңбай, Қанат Мусин, Арман Қожахметов, Фахриддин Қаратаев, Аманжан Жамалов, Құдайберген Ержан, Артур Платонов, Берік Оспанов және тағы 20-дан астам депутат бар. Ал бұған дейінгі сайлауда (2016 жылғы) Мәжіліс құрамына алдыңғы бесінші шақырылымының 43 депутаты кірген болатын.
Тағдырлы тізімге енбей қалған Мәжілістің қалған 60 депутатының ендігі қызметі қалай болатыны белгісіз. Бірақ олардың арасында тізімге енбей қалғандарын ат тепкендей қабылдаған азаматтар болған сыңайлы. Кешегі аптада Төменгі палатаның қазіргі депутаты Нұржан Әлтаевтың жасаған мәлімдемесі біздің санамызға сондай ой келтірді.
Өз кезегінде «Nur Otan» партиясының мүшесі, депутат Нұржан Әлтаев «Ел тірегі» атты жаңа саяси партия құратынын мәлімдеді. Ол осындай ұйымды құруына байланысты өткен жиында қазіргі таңда елде халық сенім артатын, ащы шындықты ашып айтатын саяси күштің жоқ болуымен байланыстырады. Партия тізіміне енбей қалғаны оны партия құру туралы ойға бастаған. Сонымен қатар ол, партия халыққа жақын болуы тиістігін, бірақ Қазақстанда ондай партия жоқ екенін жеткізеді. Бұдан бөлек, депутат Мәжілісте халық мүддесіне қайшы келетін баптардың депутаттардың бас шұлғуымен қабылданып кеткенін де жасырмайды. Депутат бұл «әттеген-айдың» орнын толтыру үшін осындай қадамға барғалы отыр екен. Кейбір сарапшылар депутаттың бұл дегенін популизм деп бағалады.
Қалай болған күнде де депутат Нұржан Әлтаевтың бұл қадамы күтпеген жағдай болды. Сонда депутат айтып жатқан әделітсіздікпен күресу үшін өзін Үкімет үйінен аттай қалап алдырған (ол Мәжіліске келгенге дейін Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министр қызметін атқарып жүрген) партияның бекіткен кандидаттар тізімінен табылмауы қажет болғаны ма?
Нұржан Әлтаев 2019 жылдың ақпан айында Мәжіліс құрамынан шыққан Серік Сәпиевтің орнына депутат болып сайланған еді.

Қ. ҚАЛИЕВ.